
Күз мезгілі басталысымен аудан, қалаларда дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өтеді. Қазіргі уақытта, эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануымен бірқатар өңірлерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өз жұмысын қайта бастады. Алайда, жәрмеңкелерге барған кезде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет екенін есте ұстаған жөн. Сондай-ақ, биыл жәрмеңке өткізу кезінде көпшіліктің бір жерде жиналуына ықпал ететін мерекелік (концерттік) іс-шараларды ұйымдастырылмайтынын еске саламыз.
Жәрмеңкеге кіре берісте контактісіз термометриядан өту қажет, жоғары температурасы бар адамдар және бетпердесіз адамдар жәрмеңке аумағына жіберілмейді.
Сатып алушылар арасындағы қашықтық кемінде 1,5-2 метр болуы керек. Қашықтықты сақтау сауда сөрелерінің алдындағы еденде орналасқан белгілер арқылы жүзеге асырылады. Өз кезегінде сатушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықта кемінде екі метр болуы керек.
Сөреде міндетті санитайзерлерден болуынан басқа, сатушылар арнайы киім киіп, тек бетперде мен бір рет қолданылатын қолғаппен ғана қызмет көрсетулері керек. Онымен қоса, сатушылардың медициналық тексеруден өткені және жұмысқа жіберілгені туралы жеке медициналық кітапшалары болуы керек.
Пайдаланылған жеке қорғаныш құралдарын (маскалар, қолғаптар) кәдеге жарату жәрмеңке өткізілетін орындардың аумағында орнатылған арнайы контейнерлерде ғана жүргізілуі тиіс.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алмас бұрын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттардың (сәйкестік сертификаттары, декларациялар, фитосанитариялық және ветеринариялық анықтамалар) болуын тексеру қажет.
Сауда орындарында, тез бұзылатын тамақ өнімдері (ет, шұжық, май, сүт өнімдері) тек сақтау температурасын қамтамасыз ететін салқындатқыш немесе тоңазытқыштарда сақталуы тиіс.
Ет және балықты шабу немесе бөлшектеуге арналған тақтайлар беті тегіс, қатты ағаш түрлерінен жасалуы тиіс. Өнімдердің әр түрі үшін бөлек кесетін тақталар мен нақты таңбаланған пышақтар болуы керек. Ет пен балықты жерде кесуге қатаң тыйым салынады.
Жеміс немесе көкөніс өнімдерінен басқа тамақ өнімдері өлшеп-оралған түрде сатылуы тиіс. Нан-тоқаш, кондитерлік, аспаздық өнімдерді де сату тек оралған түрде жүзеге асырылуы тиіс.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы тұрғындардың қауіпсіздігі мен COVID-19 індетінің таралып кетпеуі үшін ұйымдастырылып жатқан шаралар екендігін ұмытпаған жөн.