Қызылордада дәрі тапшылығын жою жұмыстары қарқынды

Қызылордада дәрі тапшылығын жою жұмыстары қарқынды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзде пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін деп болжайды. Осыған байланысты пандемияның екінші кезеңі үшін өңірдегі дәрі-дәрмек қоры мен емдеу мекемелеріне жеткізілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу және қамтамасыз ету мәселелері  күн тәртібінен түскен емес.

Бүгінде өңірде жұқпалы және провизорлық стационарларда COVID-19 емдеуге арналған дәрілік заттардың 2 айға дейінгі қоры қалыптасты. Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектердің тізімі кеңейтіліп, 5 атаудан тұратын COVID-19 нозологиясы енгізілген. Бұл арқылы ПЦР тестінің нәтижелеріне қарамастан аурудың жеңіл ағымында COVID-19 диагнозы қойылған пациенттер емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша антипиретиктер мен антикоагулянттарды ала алады.

Сонымен қатар алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі ЖРВИ, тұмау ауруларының маусымдық кезеңі мен коронавирус инфекциясының келесі толқыны кезінде дәрі тапшылығын болдырмау мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрілік тұрақтандыру қоры құрылды.

Осыған сәйкес облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, облыстық фармацевтика қауымдастығымен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға өтінім қалыпастырылды. Тізбеге 93 атаудағы келесі фармакологиялық топтардан ең жиі қолданылатын дәрілік заттар енгізілді: антибиотиктер, антикоагулянттар, вирусқа қарсы, ыстықты түсіретін, витаминдер, гормондық препараттар.

Бүгінде Қызылорда облысы бойынша  328 дәріхана ұйымы қызмет етеді. Оның 311 жеке меншік нысанға қарайды. Ал  ауылдық елді-мекендерде 157 орналасқан.  

Аталмыш дәріханалар арқылы босатылатын дәрілік заттар тұрақтандыру қорының қаражатына сатып алынып,  халықаралық GdP стандартына сай жабдықталған дәріхана қоймаларына жеткізіледі деп жоспарлануда. Дәрілік заттарды аудандарға, шалғай елді мекендерге де  жедел жеткізу мәселесі тұрақты бақылауда.

Тұрғындардың жеке қауіпсіздігін сақтауға қажет медициналық бетперде тапшылығы туындамайтынын да атап өткен жөн. Қазіргі күні дәріханаларда 150 000 жуық медициналық бетперде қоры бар. Алдағы уақытта көлемі арттырылатын болады.