
Ағымдағы жылғы 12-13 желтоқсан аралығында Санкт-Петербургте инфекциялық ауруларға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша V ғылыми-практикалық конференция өткізілді, оған 26 ел және үш халықаралық ұйым қатысты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі атынан Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері С. Бейсенова және "QazBioPharm Ұлттық холдингі" АҚ Бас директоры Е. Абдураимов қатысты.
Пленарлық сессияға қатысушылар халықтың денсаулығына төнетін ықтимал қауіптерді мониторингтеу және оларға ден қою жүйелерін жақсарту қажет деген қорытындыға келді, геномдық эпидқадағалау саласын дамытудың өзектілігін және инфекциялық аурулармен тиімді күресу үшін ғылыми қоғамдастық арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ конференция аясында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуге жауапты қызметтері басшыларының сегізінші кеңесі өтті. Оған өңірлері безгек, денге қызбасы, сібір жарасы, құтырма, кене вирустық энцефалиті, шекарааралық ошақтары бар оба бойынша эндемиялық сияқты табиғи-ошақтық аурулармен сипатталатын Ұйымға мүше барлық елдердің өкілдері қатысты.
Кеңесте төтенше жағдайларға ден қою жөніндегі ШЫҰ елдерінің ынтымақтасатын орталықтарының желісін құру туралы бастама ұсынылды, оның құрамына ШЫҰ аумағында пандемия қауіптеріне ден қою жөніндегі міндеттерді шешу және жедел өзара іс-қимыл жасау үшін ШЫҰ-на мүше мемлекеттер тағайындаған ғылыми-зерттеу институттары мен басқа да мекемелер кіруі мүмкін.
Кездесу қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді және эпидемия қаупіне бірлесіп қарсы тұруға дайындықты арттыруды, сондай-ақ Ресей Федерациясы бастама жасаған ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің обаға қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімін әзірлеуді көздейтін қорытынды мәлімдеме қабылданды.