
Бүгін «Бірыңғай денсаулық» халықаралық науқаны аясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ДДСҰ-мен ынтымақтастықта Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы серіктестердің екінші форумы өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен негізгі қатысушылар мен серіктестердің, халықаралық ұйымдар өкілдерінің, сарапшылардың басын қосты.
Форумға қатысушыларға ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен ДДҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Скендер Сыла құттықтау сөз сөйледі. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев жүргізген форумның тақырыбы мен міндеті қоршаған ортаны қорғау проблемаларын және адам, жануарлар мен қоршаған ортаның өзара іс-қимылы арқылы ықтимал шешімдерді талқылауға арналды. Іс-шараның мақсаты – Қазақстандағы адам денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту жолында қолдауды күшейту, экологиялық фон мен қоршаған ортаны нығайту.
ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова «Бірыңғай денсаулық» тәсілін қолдана отырып, Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайту және одан әрі дамыту жөнінде баяндама жасап, онда экологиялық қолайсыз өңірлердегі халық денсаулығы сапасының проблемаларына ерекше назар аударылды.
«Қазіргі сырқаттанушылықтың 80%-ы экологиялық шамадан тыс жүктемелердің нәтижесі болып табылады. Медициналық экология проблемалары бой көтермеген бірде-бір сала жоқ шығар, ал экологиялық қолайсыздық жағдайында қоршаған ортаның денсаулыққа әсері 50%-ға дейін артады», - деп атап өтті Сархат Сағынтайқызы.
Өлім-жітімнің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының өсу резервтері қолайсыз орта факторларының әсерін шектеу мәселесін шешуде жатыр. Бұл мәселенің орасан зор әлеуметтік және экономикалық маңызы оны уақтылы шешу қажеттілігін туғызады, бұл аурушаңдықты негізді түрде төмендетіп қана қоймай, сонымен қатар экологиялық факторлардың әсерінен дамитын аурулардың пайда болу қаупін басқаруға және медициналық және басқарушылық шешімдерді уақытында қабылдауға мүмкіндік береді.
Форум әрбір қазақстандықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға қол жеткізуде тәжірибе алмасу және бірлескен күш-жігер жұмсау алаңына айналды. Қатысушылар Қазақстанда денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыттарын қолдау және денсаулық сақтау бойынша жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.