Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылау мақсатындағы сатып алу

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылау мақсатындағы сатып алу

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында бақылау мақсатында сатып алу өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құрал болып саналады. Негізгі мақсат-өнімнің техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкестігін тексеру, бұл қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді.

Өнімді бақылау мақсатында сатып алу аясында ағымдағы жылдың тамыз-қыркүйек айларында 4188 сынама зерттелді. Сатып алынған 2537 тамақ өнімінің 575 сынамасы талаптарға сәйкес келмейді. 1651 азық-түлік емес өнімнің 762 сынамасы да талаптарға сай емес екені анықталды.

Бақылау мақсатында сатып алу нәтижесінде өнім сапасына қойылатын талаптарды бұзушылықтардың 95,4% тауарларды таңбалаудың сәйкессіздігі, 1% микробиологиялық көрсеткіштерге, 1,7% физикалық-химиялық көрсеткіштерге және 1,5% физикалық-гигиеналық көрсеткіштерге сәйкессіздігі анықталды.

Техникалық регламенттердің талаптарына және (немесе) Одақтың Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкес келмейтін өнімді алып қою және кері қайтарып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің тиісті емес өнімді алып қою және кері қайтарып алу туралы жедел ден қою шараларын қолдану туралы 324 қаулысы қабылданды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті дүкендерде өнімді таңдау кезінде бірінші кезекте жеңіл оқылатын, тауардың атауы, дайындалған күні, шарттары мен сақтау мерзімдері көрсетілген мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс тауардың таңбалануын зерделеу қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ құрамы, тағамдық қасиеттері, ерекшеліктері және өндіріс орны туралы ақпарат көрсетілуі қажет. Өнімді ЕАС белгісімен таңбалау тауардың сертификаттаудан немесе сәйкестікті декларациялаудан, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін растаған барлық қажетті зертханалық сынақтардан өткенін көрсетеді. Тауарды сатып алмас бұрын сатушыдан декларация, сәйкестік туралы сертификат, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік сияқты тауардың сәйкестігін растайтын құжаттарды талап ету кажет. Ұсынылған СРҚ тауардың тиесілігін өнім мен СРҚ-да көрсетілген сәйкестендіру белгілерін (өндірушінің маркасы немесе тауардың артикулы және оның атауы) салыстыру арқылы тексеруге болады.