
Бүгін ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова еліміздегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.
Биылғы жылдың қыркүйегінде республикада 544 368 ЖРВИ жағдайы тіркелді, өткен жылдың қыркүйегімен салыстырғанда 27%-ға төмендеу байқалады. Соңғы аптада республикада 171 532 ЖРВИ жағдайы тіркелсе, өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ жағдайлары 9%-ға төмендеген. Тұмау оқиғасы тіркелген жоқ.
Сархат Бейсенова атап өткендей, тұмаудан басқа Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да таралуда, оларға қатысты қыркүйек айында 388 сынама зерттелді. 137 сынамада оң нәтиже анықталды: риновирус, бокавирус, парагрипп, аденовирус, РС вирусы және басқалар.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің тұмау және ЖРВИ бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізу туралы қаулысына сәйкес медициналық ұйымдардың тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге, тұмаумен және ЖРВИ-мен ауыратын науқастарды қабылдауға дайындығы, сондай-ақ зертханалардың зерттеулер жүргізуге дайындығы қамтамасыз етілді.
Алдағы эпидемиялық маусымда ДДҰ мәліметтері бойынша вирустың үш штаммы өзекті болады - A (H1N1), A (H3N2) және B, олар 2024/2025 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаның құрамына кіреді.
Ағымдағы жылы бюджет қаражатына Ресей өндірген "ГРИППОЛ +" вакцинасының 2 млн. 207 мың дозасы сатып алынды. Бұл республиканың жалпы халқының 11% қамтуға мүмкіндік береді, ДДҰ халықтың кемінде 10% егуді ұсынған болатын. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бүгінгі таңда тұмауға қарсы 769 мың адам егілді. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың неғұрлым осал топтары вакцинацияланады.
Жиын соңыңда бас санитариялық дәрігер тұмау мен ЖРВИ-нің негізгі белгілеріне назар аударды, сондай-ақ аурудың алдын алу шаралары туралы айтты.