
Ағымдағы жылғы 19-23 тамыз аралығында Женева қаласында Биологиялық және уытты қаруға тыйым салу туралы конвенцияны (бұдан әрі – БУҚК) нығайту жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Құрамында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, М. Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының өкілдері бар қазақстандық делегация Қазақстанның Конвенция стратегиясы мен миссиясын қолдайтынын атап өтіп, алдағы уақытта Қазақстан БУҚК ережелерін табысты іске асыруға жәрдемдеседі деп сендірді.
Қазақстан сарапшылары БУҚК қатысушы барлық елдердің мүдделерін сақтау мақсатында дамыған және дамушы елдердің ғылым және техника жөніндегі ғылыми-консультативтік кеңесінің құрамына енгізу туралы ұстанымын білдіріп, аралас тәсілді қолданудың қолайлылығы, сыртқы сарапшыларды тартудың тиімділігі туралы ұсынысты қолдайтынын, сондай-ақ Кеңес шешімдерінің елдердің саяси ықпалынан тәуелсіздігін қамтамасыз ету қажет деп санайтынын атап өтті. Бұл тәсілдер Кеңес шешімдерінің жан-жақтылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру шеңберінде қазақстандық делегация 2022 жылғы мамырда қабылданған «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес ынтымақтастық ашықтық қағидатына негізделген тек бейбіт сипатта екенін және биологиялық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті (БҚХА) құру туралы ұсыныстың маңыздылығын атап көрсетеді. Мұндай Агенттіктің құрылуы биологиялық инциденттерге ден қою мүмкіндіктерін кеңейтуге серпін береді, биологиялық зерттеулердегі қауіпсіздік стандарттарын, сондай-ақ биологиялық әзірлемелерді тек бейбіт мақсатта үйлестіруге ықпал етеді.
Қазақстандық сарапшылар Қазақстан жауапты мемлекеттік көзқарас нормалары ретінде халықаралық ынтымақтастықты берік ұстанады және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы барлық халықаралық әріптестермен өзара іс-қимылды жандандыруды қолдайды деп сендірді.