Зоонозды-тері лейшманиоз ауруын алдын-алу туралы

Зоонозды-тері лейшманиоз ауруын алдын-алу туралы

Облыстың  Шардара, Арыс және Отырар аудандрында зоонозды-тері лейшманиозының табиғи ошақтары орналасып, адамдарға осы індетті жұқтыру қауіпін тудырады. Осы індетпен ауырғандарда дененің ашық жерлеріндегі теріде жаралар пайда болады, олардың саны бірден бірнеше ондықтарға дейін болуы мүмкін. Ауру денеде дөңестен басталып, соңынан ол жараға айналады, 3-6 айға дейін созылуы мүмкін. Жараның беті тыртықтанып тартылып, адамның бетінде немесе дененің басқа да жерлерінде косметикалық кемістік пайда болады                  

Індет бірклеткалы қарапайым – лейшманиялардан туындайды. Табиғи ошақтарда лейшманиозбен құм тышқандары ауырады, олардан қансорғыш індемес арқылы  адамдарға жұғады.

Індеместердің мекендейтін, өніп-өсетін орындары құм тышқандардың індері, қабырғадағы саңылаулар мен жарықтары, мал мен құс ұстайтын шаруашылық үй-қоралар болып табылады. Індетті шілде – қыркүйек аралығында жұқтүруыңыз мүмкін, әсіресе тамыз – қыркүйек айлары жұқтыру жағынан қауіпті, науқастар қыркүйек – қараша айларында тіркеледі. Індеместің шабуылынан қорғану шараларын қолданып тері лейшманиоз індетін жұқтырудың алдын алуға болады. Бұл шаралар індеместерден қорғайтын репеллент пен масаханаларды қолданудан тұрады. Репеллентер май, крем немесе аэрозоль тәрізді болады. Бұл препараттарды кешкі және түнгі мезгілде дененің ашық жерлеріне жағу қажет, қорғау қасиеті 4-8 сағатқа дейін созылады. Ұйықтарда індеместен сақтану үшін масахана құрған жөн. Демалыс орнын таңдарда биік, жел соғып тұратын, маңында құм тышқандардың індері, індеместердің басқа да мекендері жоқ орын тапқан абзал.

Індетті таратушы індеместердің көбеймеуі үшін үйде, аулада тазалықты сақтау қажет, қоқысты нықтап жабылатын жәшікте сақтап, толған жағдайда ауыл сыртында арнайы бөлінген жерге шығарылып, жойылуы тиіс. Қабырғадағы саңылау мен жарықтарды цементпен немесе балшықпен бітеп, індерді топырақпен көміп тастау керек. Үйдегі, аула мен бақшадағы кеміргіштерді қапқан немесе басқа да тормен аулап, жою қажет. Індеместерден қорғану үшін терезелерді торлап, перделерді репелленттермен өңдеген жөн.