
Бүгін Түркістанда Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен ҚР Тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті.
Парламенттік комиссияның отырысына Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар министрлері Н.Нұржігітов, Е.Нысанбаев, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері Айжан Есмағамбетова, Азат Сұлтанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, сондай-ақ қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесуге қатысушылар орнықты дамудың алтыншы мақсатын іске асыру шеңберінде суды ұтымды пайдалану және санитария мәселелерін көтерді.
Қазақстан үшін таза ауыз суға және санитарияға қолжетімділік әлі де өзекті мәселе болып қала береді. Атап айтқанда, су ресурстарының нашарлауына, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуына байланысты проблемалар өзіне ерекше назар аударуды талап етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар одан әрі бірлескен жұмыс бойынша ұсынымдар мен бастамаларды мәлімдеді.