ӨЗІҢДІ ҚАУІПТЕН ҚОРҒАҢЫЗ

ӨЗІҢДІ ҚАУІПТЕН ҚОРҒАҢЫЗ

Соңғы уақытта адамдар арасында екпе тақырыбы жиі дау туғызуда. Әйтсе де, ғылымның өз тиімділігін дәлелдеп, адамзатты аурудан осындай жолмен құтқаруы алғаш бұл емес екенін атап өту керек.

Сонымен, екпе не үшін қажет? Біріншіден, ол адамның бойында ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады. Кез келген індетті ғылымға және денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген мамандарға сенім арту арқылы жеңуге болады.

Бүгінде бүкіл әлем коронавирустың салдарынан туындаған пандемияға алаңдаулы. Алғашқы кезде толық зерттелмегендіктен, оны ауыздықтау мүмкін болмады. Нәтижесінде, дерт тез тарап, бүкіл ғаламшарды дерлік қамтып үлгерді. Ауру басталған кезден-ақ,  өзге мемлекеттердің қатарында, Қазақстанның ғалымдары да вирусты зерттей бастады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 76 кандидаттық екпе ұсынылғанын мәлімдеген болатын. Олардың 5-уі бірінші-екінші кезеңдегі клиникалық сынақтар сатысын өткеруде екенін де атап өтті. Қазақстанда екі ғылыми институт 4 кандидаттық екпе жасап шығарды.

Ғалымдардың мәлімдеуінше, уақыт өте, коронавирустың алдын алу тұмаумен қатар жүреді. Күзде және ерте көктемде адамдардың иммунитеті әлсіреген шағында, коронавирус қайталанып отыруы ықтимал.

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Сенатта "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекс жобасын талқылау барысында ата-аналар өз баласын вакцинациялаудан бас тарту арқылы оның денсаулық құқықтарын шектейтіндігін атап өтті.
Жалпы, егілмеген адам қатарының артуы – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында жұқпалы аурулардың таралуына алып келеді.

Сонымен қатар, Кодекс талаптарына сәйкес, профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып екіге бөлінді. Міндетті профилактикалық егулерге жоспарлы профилактикалық егулер және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатқызылды. Жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберу - ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен жағдайда ғана жол беріледі.

Соңғы тәулікте Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған клиникалық белгілері жоқ 630 және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар 314 науқас тіркелді. Өздеріңіз көргендей, дерттің таралуы төмендемей отыр. Демек, бүгінде әр азамат үшін екпе мәселесі аса маңызды.

Жалпы медицинада қолданысқа енгізілгенге дейін екпелердің клиникалық сынақтың бірнеше сатысынан өтетінін ескерсек, пандемиямен күресте де оң нәтиже беретінін сеніммен айтуға болады.

Алайда, қазіргі таңда екпе туралы сөз қозғауға әлі ерте екенін атап өткеніміз жөн. Өйткені, әлемде бұл дертке қарсы қауіпсіз әрі тиімді вакцина  табылған жоқ.

Сонымен қатар, екпе тек азаматтардың немесе заңды өкілдерінің келісімімен және медициналық қарсы көсетілімдер болмаған жағдайда ғана жүргізілетініне назарларыңызға саламыз.