
Жұқпалы аурулармен күресте іске асырылатын медициналық іс-шаралардың ішінде жетекші орындардың бірі халықты вакцинациялауға берілген. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді және қолжетімді құралы ретінде танылды.
Кез-келген инфекцияға қарсы вакцинация шығындары осы ауруды емдеуге кететін шығындардан шамамен 10 есе аз екені белгілі.
Иммунопрофилактика саласындағы мемлекеттік саясат алдын алуға, ал сырттан әкелінген жағдайда – жұқпалы ауруларды оқшаулауға және жоюға бағытталған.
Қазақстанда вакцинация енгізілетін жұқпалы аурулардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Республикада вакцинация ауыр түрде, асқынулармен жүретін, өліммен аяқталатын, бірінші кезекте балаларға зақым келтіретін ауруларға қарсы жүргізіледі.
Халықты вакцинациялау 20 жұқпалы ауру: құтырма, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, «В» вирустық гепатиті, b типті гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, оба, эпидемиялық паротит, пневмококк инфекциясы, коронавирустық инфекция, «А» вирустық гепатиті, тұмау, сібір жарасы және туляремияға қарсы Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес тегін жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі ДДҰ ұсынымдарына сәйкес келеді, көптеген дамыған елдердің (Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапония және т.б.) иммундау кестелеріне ұқсас.
Жыл сайын Қазақстан Республикасында инфекциялық ауруларға қарсы 5 млн. жуық адам, оның ішінде 1,3 млн. бала егіледі.