ҮКІМЕТТЕ ТУРИСТІК МАУСЫМНЫҢ ҚАЙТА БАСТАЛУЫ ҚАРАЛДЫ

ҮКІМЕТТЕ ТУРИСТІК МАУСЫМНЫҢ ҚАЙТА БАСТАЛУЫ  ҚАРАЛДЫ

1 маусым күні, Премьер-Министрдің орынбасары                                       Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен селекторлық отырыста   министрліктер,  «Атамекен» ҰКП-ы және өңір әкімдіктері басшылығының қатысуымен Қазақстанда туристік маусымды жандандыру мәселелері қаралды.  

Отырыста, Төтенше жағдай кезінде Үкімет тарапынан  бұл салаға  мүлікке салық және  еңбек ақы қорынан төлемдер мен басқа да салықтардан босату бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілгені аталып өтті.

 Сонымен қатар, заңнамалық деңгейде туристік салаға қосымша қолдау көрсету шаралары қаралып жатыр:

 - туристік объектілерді жаңадан құру, қайта жөндеу және жабдықтау жағдайында инвестиция сомасының 10% қайтару және преференция  беру;

- әр шетелдік турист үшін туроператордың шығындарын субсидиялау;

 -  авиакомпанияларға ішкі авиа бағыттар бойынша балалардың жол ақысын 100% өтеу;

 - кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы құрылыс және қызмет көрсету бойынша шығындарының 25% өтеу;

- туроператорлар мен турагенттіктердің туристік көлік құралдарын  сатып алу шығындарының 25% өтеу;

2019-2025 жылдарға арналған туристік саланы дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама  аясында 44 туристік жобаға инфрақұрылым жеткізу мақсатына мемлекеттік бюджеттен 51,5 млрд.тг. қаржы бөлінді. Бұл жағдай – аталған саланы қолдаудың рекордтық деңгейі деуге болады.

Отырыс барысында Қазақстанда туристік маусымды бастауға толық дайындық бар екендігі хабарланды: туристік объектілердің жұмыс алгоритмі жасалған, жолаушыларды тасымалдаудың авиа, теміржол және автобус маршруттары іске қосылған.

     Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов  өңір әкімдіктеріне туристік объектілердің дайындығы туралы актілерін беру бойынша жұмысты жеделдету, жаңа туристік маршруттар мен толыққанды ақпараттар жиынтығын жасау, осы салаға инвестиция тарту жұмысын күшейту туралы   тапсырмалар берді.