
Ағымдағы жылғы 4-7 желтоқсан аралығында Драммен қаласында (Норвегия) радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілерді қабылдау шеңберінде мүдделі тараптарды тарту мәселелері бойынша Норвегияның радиациялық және ядролық қауіпсіздік жөніндегі агенттігімен (DSA) бірлескен кеңес өтті.
Аталған кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің, екі елдің сыртқы істер, энергетика, денсаулық сақтау, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ Ұлттық акционерлік компаниясының, ҚР Ядролық технологиялар қауіпсіздігі орталығының өкілдері қатысты.
Кеңес барысында қатысушылар радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы НҚА қабылдау бойынша прогреске шолуларды қарады, сондай-ақ осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Н.М.Қисабеков «Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің рөлі туралы» және «Халықты радиациялық қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі НҚА-ны жаңарту, әзірлеу және үйлестіру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған жұмыс жоспарлары туралы» тақырыптарында баяндама жасағанын атап өтеміз.