Ведомствоаралық комиссия карантин режимінің сақталуына бақылауды күшейту мәселесін қарастырды

Ведомствоаралық комиссия карантин режимінің сақталуына бақылауды күшейту мәселесін қарастырды

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында халықтың бекітілген карантин режимін қатаң сақтауын бақылауға алу мәселелері қаралды.

«Біршама өңірлерде ауруды жұқтыру саны көбейіп жатыр. Мұндай жағдай тікелей карантин талаптарының орындалмауына байланысты орын алып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру және оларды орындамаған азаматтарға, мекемелерге, өндіріс объектілері мен кәсіпкерлерлік субъектілеріне қатысты тиісті шаралар қабылдау керек», — деді Е. Тоғжанов.

Осыған орай өңір әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға мына шараларды орындау тапсырылды:

- еңбек ұжымдарында әлеуметтік қарым-қатынас деңгейін барынша төмендету;

- жұмыс уақытында маска тағу және оны уақытылы ауыстыруды бақылауда ұстау;

- әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мүмкіндігін жасау;

- жолаушыларды қоғамдық көлікке тек арнайы отырғызу орындары бойынша және міндетті түрде маска таққан жағдайда ғана кіргізуді қамтамасыз ету;

- қорғаныс, ішкі істер қызметкерлерінің қатысуымен қоғамдық орындарда және кәсіпорындар, мекемелер мен объектілерде зарарсыздандыру шараларын күшейту .

Үкімет аталған тапсырмалардың орындалуын тұрақты бақылауға алады.