Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қарағанды облысында қызылшаның алғашқы жағдайлары ағымдағы жылдың ақпан айында тіркелді, қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайдың асқынуы байқалады, осылайша қазан айында қызылшамен сырқаттанушылық өткен аймен салыстырғанда 2 есе өсті. 

Қызылшаның тіркелуі облыста барлық жерде дерлік байқалады. Қараша айында күн сайын облыс тұрғындары арасында қызылшаның орташа есеппен 10 жағдайы тіркелуде.

Ағымдағы жылдың 14 қарашасындағы жағдай бойынша қызылшаға күдікпен 386 жағдай тіркелді, оның ішінде 293 жағдай (76,1%) зертханалық расталды, осы ретте 2020 жылдан бері облыста қызылша тіркелмегенін атап өту қажет.

Инфекцияға ең сезімтал 14 жасқа дейінгі балалар, олар ауруға шалдыққандардың жалпы санының 76%-ын құрады, олардың жартысынан көбі 1-4 жас аралығындағы балалар. Қызылшамен сырқаттанушылық 85,3%-да вакцинацияланбаған балалар арасында тіркеледі. 

14 қарашадағы жағдай бойынша облыста қызылшаға қарсы иммундалуы тиіс 8591 адамның 3721 адамы (43,3%) екпемен қамтылды.

Естеріңізге сала кетейік, қызылша ауыр асқынулармен қауіпті: отит, пневмония; жүйке жүйесі жағынан – энцефалит, менингит, паненцефалит. Паненцефалит – бұл мидың зақымдануының ең ауыр асқынуы, ол қызылша ауруынан бірнеше жыл өткен соң дамиды және мұнда мүгедектік пен өлім қаупі жоғары.

Осы ауруды болдырмауға мүмкіндік беретін ең сенімді алдын алу шарасы – вакцинация, ал науқастанған жағдайда вакцинация асқынулардан қорғайды. Вакцина өте тиімді.  Мәселен, қосымша иммундау шаралары арқылы 2015 және 2019 жылдары қызылшамен сырқаттанушылық барынша азайтылды және республика аумағында қызылшаның өршуі шектелген болатын.

Құрметті ата-аналар, вакцина алудан бас тартпаңыз, балаңыздың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеруді ұсынамыз, екпе болмаған жағдайда – профилактикалық екпе алуды ұсынамыз!

Әрбір қосымша доза иммунитетті күшейтеді.  Есіңізде болсын, жұқпалы ауруларға қарсы уақтылы егу арқылы сіз өзіңізді және жақындарыңызды аурудан қорғайсыз.