Түркістан облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Түркістан облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қызылша – ауа-тамшылы жолмен адамнан адамға берілетін өте жұқпалы ауру.  Түркістан облысында жыл басынан бері қызылшаға күдікті 1269 жағдай тіркеліп, 441 науқастың диагнозы зертханалық расталған, оның ішінде 86,6% – 14 жасқа дейінгі балалар.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары ауру ошақтарында науқаспен байланыста болғандарды және егу мәртебелерін анықтап, зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде қызылшаға күдікті 1269 адамның 63,2%-ы вакцина алмаған. Науқастармен тығыз қарым-қатынаста болған 5750 азамат медициналық бақылауға алынған.

Қызылшаның алдын алу бойынша ҚР БМСД-нің қаулысына сәйкес тиісті шаралар атқарылуда. Облыста 2023 жылдың 6 қарашасынан бастап 6 айдан 11 ай 29 күнге дейінгі балалар арасында қосымша жаппай иммундау жүргізілуде. Вакцина салдыруға жоспарланған осы жастағы 23 544 нәрестенің 13,7%-ы қазіргі таңда қызылшаға қарсы екпе алды.

Аурудың алдын алу үшін ең бастысы – қызылшаға қарсы екпе алу. Үй-жайларды жиі желдетіп, санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауды ұсынамыз.