
Астанада 6 айдан 10 айға дейінгі балаларға қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізіле бастады. Вакцинация қаланың барлық МСАК ұйымдарында жүргізіледі.
Екпе алу үшін қала тұрғындары тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінуі қажет. Қосымша жаппай иммундауға (ҚЖИ) арналған егу кабинеттері жұмыс күндері сағат 8.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
ҚЖИ – қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау қажеттілігі елімізде және Астана қаласында қызылшамен сырқаттанушылардың өсуіне байланысты туындап отыр. Осылайша 10 қарашадағы көрсеткіштерге сәйкес қызылша ауруы 580 науқаста расталды, оның ішінде ересектер арасында 16,9% немесе 98 жағдай, 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында 35 жағдай немесе 6%.
14 жасқа дейінгі балалар арасында 447 жағдай тіркелді, яғни 77%-ды құрайды. Оның ішінде ең көп жағдай төрт жасқа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 359 жағдай немесе 61,9%.
Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы екпе алғандар тек 4,3%-ын құрады (25 жағ.). Вакцина алмағандардың үлес салмағы 75,1% (436 жағ.), оның ішінде вакцинациядан өз еркімен бас тарту себебі бойынша 41% (239 жағ.), медициналық қарсы көрсетілімі бойынша 20% (117 жағ.) және ересектердің 20,5%-да (119 жағ.) вакцинация туралы деректердің жоқ болуы. Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі күні Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес қызылшаға қарсы екпе екі рет жүргізіледі: ол 1 жаста және 6 жаста.
Қызылша – өте жұқпалы ауру және жағдайлар ұйымдасқан ұжымда, оның ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарында (МДБҰ), мектептерде, жоғары оқу орындарында жиі тіркеледі, әсіресе вакцина алмаған балалар арасында басым. Мәселен, ұйымдасқан ұжымдарда:
- 58 МДБҰ-да 96 расталған жағдай, оның ішінде 2 балабақшада 9 жағдай, 3 балабақшада 3 жағдай, қалғандарында бір жағдайдан тіркелді. Айта кету керек, қызылшаның 96 жағдайының 91 немесе 95% - екпе алмаған балалар;
- 34 мектепте 48 расталған жағдай, оның ішінде 5 мектепте 2-ден 5 жағдайға дейін, қалғандарында бір жағдайдан тіркелді. Мектеп оқушыларының 85% немесе 41-де вакцинация болған жоқ;
- 4 жоғары оқу орны арасында 24 жағдай тіркелді.
Профилактикалық екпелерден бас тартудың көбеюі, медициналық негізсіз бас тарту және иммундаумен қамтудың төмендігі халықтың иммундық емес қабатының вакцинамен басқарылатын инфекцияларға жиналуына әкеліп соқты. Қызылша инфекциясынан қорғалмаған санатқа 6 айдан 11 айға дейінгі кішкентай балалар жатады.
Балаларымызды қорғаудың және қызылшаның таралуын тоқтатудың жалғыз жолы – вакцинация! Профилактикалық екпеден бас тарта отырып, сіз балаларыңыздың денсаулығына қауіп төндіресіз! Есіңізде болсын, пневмония, энцефалит сияқты асқынуларға вакцина алмаған әрбір бала шалдығуы мүмкін.
Сондықтан да балаларыңыздың денсаулығын сақтау үшін қызылшаға қарсы екпе алуға шақырамыз!