Дифтериядан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация

Дифтериядан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация

Дифтерия – адам өліміне әкелетін қауіпті жұқпалы аурулардың бірі, оның токсині өте қауіпті. Қан ағымымен бұл аурудың токсиндері бүкіл денеге таралып, ішкі органдар мен тіндерге, ең алдымен жүйке жүйесіне, жүрекке және бүйрекке зиян келтіреді.

Инфекция көзі науқас адам немесе бактериотасымалдаушы болып табылады. Инкубациялық кезең шамамен 3-5 күнге, кейде 2-ден 10 күнге дейін созылады.

Дифтерия кезінде асқыну жұмсақ таңдайдың, мойын бұлшықеттерінің, тыныс алу жолдарының және аяқ-қолдардың салдануы түрінде басталуы мүмкін. Тыныс алу жолдарының салдануына байланысты арты өліммен аяқталуы мүмкін болатын асфиксия, тұншығу пайда болуы мүмкін.

Ауру науқас адамнан сау адамға ауа-тамшылы жолмен жұғады, аурудың ағымы неғұрлым айқын болса, науқас қоршаған ортаға соғұрлым көп бактерия бөледі.

Дифтериядан  қорғанудың  жалғыз  жолы – вакцинация.

Адамға вакцина егілген кезде ағзада антитоксикалық иммунитет пайда болады, бұл аурудың асқынуын болдырмайды.

Ұлттық егу күнтізбесі бойынша дифтерияға қарсы баланы бірінші егу өмірінің 2 айында басталып, кейін 3 және 4 айында жасалады. Содан кейін 18 айда балаға ревакцинация жасалады. Біріктірілген вакцина қолданылады, ол дифтерияға, сіреспеге және көкжөтелге қарсы бір мезгілде әрекет етеді. 6 жасында бала қайтадан ревакцинация алады, содан кейін 16 жаста, бірақ ол кезде дифтерия мен сіреспеге қарсы егіледі.

Ересектер 10 жыл сайын екпе алады, бұл 26 жаста, содан кейін 36, 46 және 56 жаста.

Дифтерияға қарсы вакцина қауіпсіз және аздаған адамдарда қызару, бас ауруы және дене қызуының көтерілуі сияқты жеңіл жанама әсерлер болуы мүмкін.

         Біз дифтерияның алдын алуға үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, өйткені бұл аурудың салдары өте ауыр болуы, тіпті жақын адамыңыздан айырылуға дейін апаруы мүмкін.