
Қазіргі таңда өнеркәсіптің жоғары деңгейде дамуына байланысты атмосфералық ауаның қандай да бір дәрежеде ластанатыны белгілі. Әсіресе қалалық өңірлерде зауыттар, өнеркәсіп орындары көп болғандықтан, мұның барлығы қоршаған ортаға өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық.
Атмосфералық ауа қоршаған ортаның өмірлік маңызы бар құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Қоршаған ортаның ластануы – қауіп факторы және адамның денсаулығы мен өмір сүру ортасына кері әсерін тигізеді.
Атмосфералық ауаны ластаушы негізгі көздер – өнеркәсіп және көлік кәсіпорындары. Кейбір кәсіпорындар тазарту құрылыстарын (сүзгілер, ұстағыштар) орнатпайды және атмосфералық ауаға шығарындыларды тазалаусыз шығарады, осылайша атмосфералық ауаның жай-күйін бұзады, бұл, әрине, тұрғындардың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.
Атмосфералық ауаның ластануы халықтың аурушаңдығының жетекші факторы болып қала береді және жоғарғы тыныс жолдарының аурулары, демікпе, қабақтың және конъюнктиваның қабынуы, жиі бас ауруы, бас айналу, әртүрлі аллергиялық көріністердің себепшісі болуы мүмкін. Сондықтан, ауаның ластануына жол бермеу үшін өнеркәсіп кәсіпорындарын санитариялық талаптарға сәйкес жұмыс жүргізуге шақырамыз.
Атмосфералық ауаның ластануының алдын алу үшін өнеркәсіп кәсіпорындарын және көлік магистралдарын тұрғын алабынан алшақ орналастыру, жанармайдың барлық түрлерін таза энергия көздеріне ауыстыру, өнеркәсіп кәсіпорындарының құрылғыларына сүзгілер орнату қажет.
Сонымен қатар өсімдіктер қаланың ауасын шаңнан тазартуда маңызды рөл атқарады. Жасыл аймақтардың болуы зиянды заттардың концентрациясын үш есе азайтуға мүмкіндік береді. Санитариялық-қорғау және кварталішілік аймақтарды көгалдандыру үшін газға төзімді ағаш-бұта түрлері қолданылады.