Иерсиниоздың алдын алу

Иерсиниоздың алдын алу

Иерсиниоз - инфекция қоздырғышы фекальді-оральді жолмен берілетін өткір зоонозды жұқпалы ауру. Ол асқазан-ішек жолдарын, буындарды зақымдаумен қатар, тірек-қимыл жүйесіне, бауырға, лимфа түйіндеріне және жүрекке әсер етеді.  

Инфекцияның негізгі берілу жолы – тамақ арқылы. Иерсениоз инфекциясымен ауырған адамдардың негізгі жұқтыру себебі - жануарлардан алынатын әсіресе пастерленбеген шикі сүт, қаймақ, сүзбе, ірімшік, құрт, май өнімдері. Сонымен қатар жуылмаған көкөністер мен  жемістерді пайдаланғаннан да болу мүмкін.

Микробтар әртүрлі тағам өнімдерінде +4 - +8°С температурада ұзақ уақыт бойы сақталып, көбейе алады. Табиғаттағы жұқпалардың көзі ұсақ кеміргіштер, сондай-ақ өткір ауруға шалдыққан немесе қоздырғышты шығарушы сиырлар мен ұсақ малдар болып табылады.  Иерсиниозбен кез келген жаста ауруы мүмкін, бірақ көбінесе 1-3 жастағы балаларда кездеседі. Аурудың инкубациялық кезеңі 1-ден 6 күнге дейін созылады. Иерсиниоз жедел басталып, онда қалтырау, бас ауруы, әлсіздік, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсыну, ұйқысыздық, тамақтың ауыруы, тәбеттің төмендеуі байқалады, Көбінесе іштің ауыруы, жүрек айнуы, құсу, іш өту сияқты асқазан-ішек жолдарының зақымдану белгілерімен басталады. Дене қызуы кейде 38-40°С дейін көтеріледі. Аурудың асқынуы 2-ші немесе 3-ші аптада жиі байқалады. Оларға аллергиялық экзантема (есекжем, түйіндік эритема), Квинке ісінуі, артрит (негізінен ірі буындар), миокардит, уретрит, конъюнктивит, аппендицит жатады. Иерсиониоз, жоғарыда аталған белгілерден басқа, қан мен нәжістің бактериологиялық зерттеулері негізінде диагноз қойылады. Ауруды асқындырмау үшін, дер кезінде дәрігерге қаралу керек. 

Иерсиниоздың алдын алу мақсатында келесідей ұсынымдар беріледі:

- қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық ережелерді сақтау, яғни тамақ өнімдерін дайындағанда, әсіресе көкөністер мен жемістерді және т.б. өнімдердің пісіру технологиясы мен сақталу мерзімі бұзылмауы қажет;

- науқастарды және иерсиниозды тасымалдаушыларды дер кезінде анықтау, үй-жайларды дезинфекциялау;

- мал шаруашылығы азық-түліктерін қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізіп, көкөністер мен жемістерді мұқият жуу керек.