Комитет бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылады

Комитет бірінші жартыжылдықтағы қызметін қорытындылады

29 қыркүйекте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.С. Есмағамбетованың төрағалығымен ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының қатысуымен Комитеттің кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Отырыс барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар, бақылау-қадағалау қызметінің нәтижелері және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің өзге деа өзекті мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, болашақта зертханалық қызметтер үшін қолданыстағы материалдық-техникалық базаны жаңғырту, инфрақұрылымды жетілдіру және цифрлық технологияларды енгізу мүмкіндіктерін көздейтін Ұлттық сараптама орталығының даму стратегиясының жобасы қаралды.

Бұдан бөлек, аумақтық департаменттердің басшыларымен бірлесіп, объектілердегі санитарияны, гигиенаны және сумен қамтамасыз етуді бақылауға, атмосфералық ауаны мониторингтеуге бағытталған орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөніндегі міндеттер талқыланды.

Алқа қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері А.Есмағамбетова жұқпалы аурулардың алдын алуды күшейту, профилактикалық егулермен қамтудың оңтайлы деңгейін қамтамасыз етуді бақылау және жұқпалы аурулардың алдын алудың өзекті мәселелері бойынша БАҚ-та ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын арттыру жөнінде тапсырма берді.

Сондай-ақ, аса қауіпті инфекциялар ошақтарында эпидемияға қарсы және алдын алу шараларын жүргізу, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті кадрлармен жасақтау және қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жөніндегі жұмысты күшейту бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету тапсырылды.