Алматы облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Алматы облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Ағымдағы жылы қызылша ауруына күдікті шағымдарымен 1718 адам медициналық көмекке жүгінсе, оның ішінде 500-ден астам жағдайы зертханалық түрде расталды. Сырқаттанушылық облыстың барлық аумақтарында тіркелді, бірақ ауырғандардың ең көп саны Қарасай (228 жағдай), Талғар (107), Іле (95), Еңбекшіқазақ (89)  аудандарында.  Сондай-ақ қызылша ауруымен көбінесе балалар ауырып жатыр, олар жалпы сырқаттанушылықтың 80%-дан астамын құрайды.   

Қазіргі уақытта ауру көбінесе вакцинацияланбаған балалар арасында тіркелуде, олар сырқаттанушылықтың 85%-ын құрайды. Яғни,  сырқаттанушылықтың 21%-ы егілу жасына жетпеген 1 жасқа  дейінгі балаларға, 26%-ы денсаулығына байланысты медициналық шектеу себептерімен егілмеген балаларға, 34%-ы жеке көзқарасына байланысты егуден бас тартқандарға және 19%-ы қызылшаға қарсы егу мәртебесі белгісіз адамдарға келеді.

Қызылшамен сырқаттану жағдайларының 16%-ы мектепке дейінгі мекемелердегі балаларға және  13%-ы мектеп оқушыларына тиесілі. Вирустың ауа-тамшылы жолмен кең таралуы бойынша ерекшелігін ескерсек, мектеп оқушылары арасында сырқаттанушылық қаупінің өсуі әбден мүмкін.

Осыған байланысты ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін жұқпалы ауруларға қарсы иммундаумен қамту 95%-дан кем болмауы тиіс.

Ұлттық күнтізбеге сәйкес, қызылшаға қарсы вакцинация баланың 1 және 6 жасында жүргізіледі, қызылшаға қарсы вакцина қызамық пен эпидемиялық паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен бірге қолданылады.

Ағымды жылы қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы вакцинациямен 12-15 айындағы 18 519 (67,7%) және 6 жастағы 13 957 (56,9%) бала егілді.

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі, вакцинацияланбаған және қызылшаға қарсы екпе туралы деректері жоқ 800-ден астам адам егілді.

Арнайы иммундаумен қатар, қызылшаны жұқтыру ықтималдығын азайту мақсатында қарапайым шаралардың да тиімділігін ұмытпаған жөн. Соның бірі аурудың белгілері бар науқастармен байланысты шектеу не болмаса бетпердені қолдану, сондай-ақ үй-жайларды ылғалды тазалау, желдету арқылы жабық кеңістікте вирустардың шоғырлануын азайтуға, ультрафиолетпен немесе дезинфекциялық заттармен өңдеу арқылы вирустардың белсенділігін азайтуға да болады.