Абай болыңыз, кене шағу маусымы басталды!

Абай болыңыз, кене шағу маусымы басталды!

Күн жылына салысымен, Шығыс Қазақстан облысында кене шағу маусымы басталады. Ал адамдар қала сыртына, табиғат аясына демалуға шығады. «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, кене шағу қаупі туралы естен шығармаған жөн.

Кене тек орманды жерлерде ғана кездеседі деген жаңсақ пікір. Кенелер көбінесе бұта мен қалың шөп арасынан өткен адамның киіміне жабысып алып, жоғарыға қарай өрмелейді, бірден адамның терісіне қадалмайды, өздеріне оңтайлы, терісі жұқа жерлерді іздейді. Кененің шағуын адам бірден байқамайды, өйткені кене қадалып қанды сорған кезде, сілекейімен бірге теріні жансыздандыратын зат бөледі. Кененің шаққаны емес, денеге қадалып қан сорған кезде көптеген кене жұқпаларының (кене энцефалиті, кене риккетсиозы, боррелиоз немесе Лайм ауруы) қоздырғыштарын тарататыны қауіпті. Ол созылмалы аурулардың асқынуына әкеледі, кененің сілекейі адамның қорғаныш күшін төмендетіп, аллергия тудыруы мүмкін.

ШҚО-да кене энцефалитінің табиғи ошағы 9 аумақты қамтиды. Олар – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары және Риддер, Өскемен қалаларының маңы.

2019 жылы облыстың эндемиялық аумақтарында вирустық кене энцефалитінің 15 жағдайы тіркелген болатын. Биылғы жылы кене шағу маусымы енді басталғандықтан, әзірге тіркелген жағдайлар жоқ.

Табиғат аясында серуендегенде, саяжайларда жұмыс істегенде, жазғы демалуды жоспарлағанда, жеке басты кенеден қорғау шараларын сақтау – маңызды мәселелердің бірі екенін естеріңізге саламыз.

- табиғатқа шыққанда, кенелер киімнің астына кірмес үшін жеңі ұзын көйлек киіп, жағасы мен жеңін түймелеп, етегін шалбарға, шалбардың балағын шұлыққа салу керек. Басқа орамал байлаған абзал, өрмелеп бара жатқан кенені тез байқау үшін киімнің ашық түсті болғаны абзал;

- кенелер денеге жабысу үшін оңтайлы жер іздейді, оған шамамен 1-1,5 сағат уақыт кетеді. Сондықтан сағат сайын шаштың арасын, құлақтын тұсын, қолтық пен шаптың маңайын мұқият  тексеріп, кененің жоқ екеніне көз жеткізу қажет;

- табиғат аясына шығар кезде дененің ашық жерлеріне және киімге кенені жолатпайтын крем, лосьон, аэрозоль сынды химиялық заттарды, яғни репелленттерді пайдалану керек. Оларды дәріханалар мен дүкендерден сатып алуға болады;

- орманға барғанда шөбi, бұтасы аз, күннiң көзi көп түсетiн ашық жерлерге орналасқан дұрыс. Отыратын жерді бұталардан, шөптер мен жапырақтардан тазарту керек, өйткені солардың астында кенелердің өсіп, көбеюіне қолайлы жағдай туады;

- орманнан келгеннен соң денеңізді, үйге әкелген барлық заттарды, гүл шоқтарын, киім-кешектеріңізді, үй жануарларын (ит, мысық) мұқият кененің бар-жоғына қарау керек;

- кене шаққан жағдайда, 3 күннен артық кешіктірмей жергілікті медициналық мекемеге көмекке жүгіну қажет. Демалыс және мереке күндері жергілікті травматологиялық пунктерге де барса болады, олар тәулік бойы жұмыс істейді.

Денеге жабысқан кенені тездетіп, медициналық мекемеде алдыртқан жөн, ал ондай мүмкіндік болмаған жағдайда, өзігінен өте мұқият алу керек, өйткені тұмсығы үзіліп, терінің астында қалуы қоюы мүмкін. Кенені пинцетпен тұмсығынан қысып немесе жақындатып жіпті байлап, ақырындап бұрап, жұлып алу қажет. Кененің шаққан орнын йод ерітіндісімен немесе спиртпен зарарсыздандыру керек. Кенені алып тастағаннан соң, қолды сабындап жуу қажет.

Қорғану ережелерін сақтау – демалысыңыз қауіпсіз болуының басты кепілі екенін ұмытпаңыз!