Алматы қаласындағы қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай

Алматы қаласындағы қызылшамен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қызылша – бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру.

Ағымдағы жылы оңтүстік мегаполисте наурыз айынан бастап қызылшаның 1271 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1114 жағдай (87,6%).

Балалар арасында аурушаңдық негізінен ата-аналарының вакцинациядан бас тарту себебі бойынша қызылшаға қарсы екпе алмаған, медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша екпе алмаған және егу жасына жетпеген (бір жасқа дейінгі) балалар арасында тіркеледі.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуде. 14893 байланысқан адам анықталды, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша қызылшаға қарсы шұғыл иммундауға жататын 477 адам егілді. Барлық байланысқан адамдарға медициналық бақылау орнатылды, ошақтарда қызылшаның алдын алу бойынша санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілді.

Қызылшаны жұқтырудың, сондай-ақ оның асқынуының алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакцинация екі рет жүргізіледі: біріншісі – 1 жаста (12-15 ай), екіншісі – 6 жаста, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.

Қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты аурудың белгілері пайда болса мынадай ұсынымдарымыз бар:

- өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауы бойынша ем қабылдау;

- үйде болу, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармау. Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулануды қатаң сақтауы тиіс;

- науқас балаларды ұйымдастырылған ұжымдарға және т.б. жібермеу.

Ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай екені есіңізде болсын!