Қызылша – дене температурасының жоғарылауы, мұрынның ағуы, жөтел сияқты ЖРВИ белгілері бар вирустық ауру, аурудың 4-5 күнінен бастап бөртпе пайда болады. Ол аса жұқпалылығымен сипатталады және ауа-тамшылы жолмен беріледі.
Инфекция көзі науқас адам болып табылады, қызылшамен ауырған науқаспен қысқа мерзімді байланыста болған барлық дерлік қорғалмаған адамдар жұқтырады.
Қызылшамен сырқаттанған адам басқаларға бөртпе шықпай тұрып 4 күн бұрын және шыққаннан кейін 4 күн ішінде қауіпті. Ауру инфекция жұқтырғаннан кейін 7-18 күн ішінде дамиды.
Қазіргі уақытта Алматы қаласында қызылшамен сырқаттанушылық бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады. Бүгінге күнге дейін қызылшаның 1 183 жағдайы тіркелді, оның ішінде 88%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.
Аурушаңдық негізінен вакцинацияланбаған балалар арасында тіркелетінін, олардың үлес салмағы ауру балалар санының 82%-ын құрайтынын атап өту қажет.
Балалар аурушаңдығы негізінен вакцинациядан бас тарту себебінен, сондай-ақ вакцинациядан медициналық кейінге шегеру және егу жасына жетпеу себебінен вакцинацияланбағандар арасында тіркеледі.
Қызылшаны емдеудің нақты әдісі жоқ. Қызылшаның алдын алудың жалғыз сенімді құралы – уақтылы вакцинация.
Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес екпелер балаларға екі рет жүргізіледі: 12-15 айда және 6 жаста.
Вакцинация үшін «Serum Institute of India» шығарған қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Бұл вакцинаның өндірісінде өндірілетін вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін ДДҰ-ның алдын ала біліктілігі бар.
Алдын алудың жалғыз тиімді шарасы вакцинация екенін ескере отырып, балаларыңызда екпенің болуына назар аудару қажет.
Вакцинация болмаған жағдайда, тіркелген жері бойынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдауды ұсынамыз.
Денсаулығыңызға мұқият болыңыз, асқынуларды болдырмау және басқаларға жұқтырмау үшін ауру пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгініңіз.
Егу және аурудың алдын алу немесе аурудың ағымын жеңілдету қызылшаның ауыр түрімен ауыру қаупінен гөрі оңайырақ.
Сіздің және балаларыңыздың денсаулығы өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз!