Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қарағанды облысындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Қарағанды облысында қызылша сырттан инфекцияның енгізілуіне байланысты ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап тіркелуде. Эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуі 2023 жылдың шілдесінен бастап байқалады. 

2023 жылғы 8 тамыздағы жағдай бойынша облыста қызылшаға күдікпен 73 жағдай тіркелді, олардың 58-і (79,4%) зертханалық расталды. Науқастардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар басым – 83,6%.

88% жағдайда егілмеген балалар ауырып қалды, оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 39,6%, медициналық қарсы көрсетілімдер – 5,2%, егу жасына жетпеу – 5,2%, егу мәртебесі белгісіз – 38%. 

Бұл ретте, 75,3% жағдайда инфекция басқа елдер мен республиканың облыстарынан (Стамбул қ., Ташкент қ., Мысыр, Ресей (Шешенстан), Шри-Ланка, Кипр, Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар қалалары, Шұбаркөл кенті) келгендерде тіркелді және 24,7%-да инфекция отбасындағы байланыс арқылы орын алды. 

Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға, сондай-ақ ошақтардағы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 30 жасқа дейінгі байланыстағы адамдарды иммундауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылған. Өткізілген іс-шаралар барысында 2689 байланыстағы адам анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша бұрын егілмеген немесе 30 жасқа дейінгі қызылшаға қарсы егу туралы деректерсіз 120 адам егілді. Сонымен қатар, облыста қызылшаға қарсы иммундау бойынша бұрын вакцинацияланбаған 2383 адам, оның ішінде вакцинациядан бас тартқан 956 адам қамтылды.

Өңірдің санэпидқызметі вакцинация, жас бойынша адамдардың аурушаңдығын уақтылы есепке алу, талдау және зертханалық зерттеулердің толықтығын қамтамасыз ету үшін қызылшамен сырқаттанушылыққа күнделікті мониторинг жүргізеді. 

Медицина қызметкерлеріне клиника, вакцинамен басқарылатын инфекцияларды диагностикалау және емдеу, қызылшаға күдікті адамдардан сынамаларды іріктеу және зертханаға жеткізу мәселелері бойынша оқыту семинарлары өткізілді.

Инфекциялық аурулардың, оның ішінде қызылшаның алдын алу бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. 

Қызылша – бұл өткір жұқпалы вирустық ауру, жұқпалылығы жоғары, яғни қызылшамен ауыратын адаммен байланыста болған кезде қызылшаға қарсы егілмеген барлық адамдар дерлік ауырады. Ауру дене температурасының жоғарылауы, интоксикация, ауыз қуысы мен жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының қабынуы, конъюнктивит және терінің тән дақты-іріңсіз бөртпелерімен сипатталады.  Қызылшаның таралу жолы ауа-тамшылы, вирус жөтел, түшкіру кезінде шырышы бар науқас адамнан көп мөлшерде сыртқы ортаға шығарылады.

Қызылшадан жалғыз тиімді қорғану жолы – вакцинация. Вакцинация жоспарлы түрде 1 жас және 6 жас аралығындағы балаларға ҚҚП аралас вакцинасымен жүргізіледі.  

Вакцинациядан бас тартқан ата-аналар балаларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді.

Мыналарды:

- вакцинацияланбаған және қызылшаға қарсы екпелер туралы мәліметтері жоқ адамдарға тіркелген жері бойынша емханаларда екпе алуды (бұл әсіресе қызылшаға қолайсыз елдерге үнемі баратын адамдарға қатысты);

- катаральды құбылыстары (дене температурасының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік) және бөртпелері бар аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге жүгінуді ұсынамыз.

Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу жеңіл екені есіңізде болсын!