
Дерматомикоз – саңырауқұлақ инфекциясы. Бұл тері ауруын адам денесіндегі паразиттік саңырауқұлақтар тудырады. Саңырауқұлақтар теріге тілімдер және ашық жаралар арқылы еркін енеді. Осы саңырауқұлақ ауруы зақымдалған дене бөлігін деформацияға әкеледі. Көбінесе аяқ пен қол білегі зардап шегеді. Бұдан басқа бұл ауруға тән белгілер – шаш құрылымының өзгеруі және оның түсуі, сондай-ақ тері жабындысының жарықшақтануы. Ылғалдылығы жоғары жерлер – саңыраулықтың көбеюі үшін қолайлы орта. Сол себепті онымен көбінесе жиі терлейтін аяқ табандары зақымдалады.
Ауруды науқас адаммен, сондай-ақ ауру мысықпен, итпен және басқа жануарлармен байланыс болған жағдайда жұқтырады. Көп жағдайда науқаспен байланыс жасағанда немесе зақымдалған заттарын пайдаланғанда: аяқ киім, монша кілемдері, сүлгі арқылы жұқтырады. Статистикалық мәлімет бойынша, науқастар көбінесе ортақ бассейндерде, сауналарда, спортзалдарда жұқтырған.
Саңырауқұлақ ауруларының белгілері байқалған кезде тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет. Микоздың емделуі оның жіктелуіне қарамастан дәрігердің қатаң қадағалауымен жүзеге асырылуы тиіс. Егер отбасы мүшелерінің біреуі дерматомикозбен ауырған жағдайда жеке бас гигеналық қағидаларды қатан сақтау керек.
Жас ерекшеліктері бойынша көбінесе балалар жұқтыруға бейім келеді. Сондықтан балаларды ерте жастан дене және үй тазалығын сақтауға үйрету қажет. Балалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға бұралқы мысықтар мен иттерді ұстауға тыйым салу қажет.
Дерматомикозбен күрес ерте диагностикадан, науқастарды уақтылы оқшаулаудан және оларды тиімді емдеуден, жұқтыру көздерін анықтаудан, олардың одан әрі таралуын болдырмаудан және анықталған ошақты зарарсыздандырудан тұрады. Аурудың әрбір жағдайында ағымдағы және қорытынды дезинфекция жүргізіледі.
Дәрігерге неғұрлым тез арада жүгінсеңіз, соғұрлым саңырауқұлақ ауруларының ауыр түрлерінің пайда болуын азайтатыныңызды есте сақтау қажет!