Жіті ішек инфекциясы (ЖІИ) – фекальді-оральды механизммен берілетін, жүрек айнуымен, құсумен, жиі іштің өтуімен, дене қызуының көтерілуімен сипатталатын жұқпалар тобы. Инфекция көбінесе залалданған тамақ өнімдері мен олардан дайындалған тағамдар, жартылай фабрикаттар, су, сондай-ақ көкөністер мен жемістер арқылы түседі. Осы жұқпалардың таралуына азық-түлік өнімдерін сақтау мен сатудың қажетті шарттары жоқ стихиялық сауда маңызды рөл атқарады. Азық-түлік кәсіпорындарында, әсіресе ет және сүт өнеркәсібінде, тамақтану кәсіпорындарында тиісті санитариялық-гигиеналық режимді сақтау үлкен маңызға ие.
Ағымдағы жылдың I жартыжылдығында оңтүстік мегаполисте 100 мың тұрғынға шаққанда нақтыланған ЖІИ сырқаттанушылық көрсеткіші 4,93-ті құрады. 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 40%-ға төмендегені байқалады. Нақтыланған ЖІИ-мен ауыратындардың жалпы санынан 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 70%-ды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі деңгейде.
Ішек жұқпаларының алдын алу мақсатында эпидемиологтар келесі қағидаларды сақтауға шақырады:
- жеке гигиенаны сақтау, атап айтқанда тамақтанар алдында қолды сабынмен жуу;
- ет тағамдарын, құс еті мен жұмыртқаны дайындаудың температуралық режимін сақтау;
- жемістерді, көкөністерді мұқият жуу;
- тез бұзылатын өнімдерді сақтау мерзімдерін сақтай отырып, пайдалану;
- сүт өнімдерін дүкендерден сатып алу қажет.
Сонымен қатар, 2 жасқа дейінгі балалар арасында аурулардың алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте аналар балаларды күту және тамақтандыру бойынша дәрігерлердің ұсынымдарын мүлтіксіз орындау, жеке гигиена қағидаларын сақтау, емізікті, ойыншықтарды, ыдыс-аяқты және басқа да тұрмыстық заттарды дұрыс өңдеу керек.
Аралас және жасанды тамақтандырылатын 2 жасқа дейінгі балаларды алдын ала термиялық өңделген жеке бөтелкеден тамақтандыру қажет. Емізіктерді таза ұстау, зарарсыздандыру және арнайы ыдыста сақтау керек, ересектердің емізіктерді ауызға салуына қатаң тыйым салынады. Дайын қоспаларды пісіргеннен кейін бірден қолдану қажет, қоспалардың, пюренің және басқа да дайын тамақ өнімдерінің қалдықтарын қайта пайдалану үшін сақтауға қалдыруға болмайды.
Эпидемиологтар жіті ішек инфекциясының белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеуге болмайтынын, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну керектігін еске салады!