
Астана қаласының аумағында туляремияның табиғи ошағының жайылмалы-батпақты типінде орналасқан 40-тан астам эпизоотиялық аумақтар бар және олардың жалпы ауданы 710 140 шаршы шақырымды құрайды.
Елордалық эпидемиологтар жыл сайын аса қауіпті инфекцияларды тексеру мақсатында сыртқы орта объектілеріне (кеміргіштер, кенелер, топырақ, су, жем және т.б.) зоопаразитологиялық мониторинг жүргізеді. Өзендердің, көлдердің және ескіарна көлдерінің жайылмалы биотоптары бойынша мониторинг жүргізу кезінде үй тышқаны, кәдімгі сұр егеуқұйрық, Dermacentor marginatus, Dermacentor Pictus, екі түрінің кенелері сияқты кеміргіштер жиі кездеседі, олар туляремиялық микробтың белсенді тасымалдаушылары және ұзақ мерзімді резервуарлары болып табылады.
Алматы ауданы (Нұрлы жол вокзалы, Ақбұлақ өзені), Байқоңыр ауданы (ЖЭО-2 су айдындары, Ақбұлақ өзені), Нұра ауданы (Талдыкөл өзені, Қорғалжын тас жолы бойындағы су айдындары), Сарыарқа ауданы (Сарыбұлақ өзені) су және ылғал сүйгіш өсімдіктері мол су айдындарының жағалауында ұсақ сүтқоректілер мен қан соратын жәндіктердің ең көп саны мен мекендейтін жерлері болып табылады.
2023 жылдың ағымдағы кезеңінде қаланың эпизоотиялық аумақтарына жүргізілген мониторингтік зерттеулер Байқоңыр (26%), Алматы (10,4%), Есіл (12,9%), Сарыарқа (6,5%) аудандарындағы қоршаған орта объектілерінде туляремия қоздырғышының белсенді айналымын растайды.
Астана қаласының маңында жоғарыда сипатталған табиғи эпизоотиялар туляремияны тудыратын және қызба, лимфа түйіндерінің, тыныс алу жолдарының, ас қорыту жолдарының, сыртқы жабындардың және басқа да органдар мен жүйелердің зақымдануымен сипатталатын трансмиссивті табиғи-ошақты аса қауіпті инфекцияларға жататын francisella tularensis бактериясының айналымын көрсетеді.
Санэидқызметі жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстар елорда тұрғындары арасында туляремияның 20 жылдан астам уақыт бойы тіркелмеуіне мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.
Осыған байланысты аса қауіпті аурудың алдын алу мақсатында төмендегідей сақтық шараларын сақтауға шақырамыз:
- қан соратын жәндіктер мен кенелерден қорғану үшін жеке қорғаныс құралдарын (масалардан қорғайтын бетперде, репелленттер және т. б.) пайдалану қажет;
- үй-жайда кеміргіштер пайда болған кезде оларды тұзақтардың немесе химиялық заттардың көмегімен жоюға бағытталған шаралар қабылдау керек;
- аулалар мен бақша учаскелеріні тазалықты қатаң қадағалау, қоқыстануға жол бермеу, қоқыс пен тамақ қалдықтарын қатаң белгіленген жерлерде, тығыз жабылатын қақпақтары бар қоқыс жинағыштарда сақтау;
- тамақ өнімдерін кеміргіштер бара бермейтін жерлерде, суды жабық ыдыстарда сақтау керек;
- кеміргіштердің белсенділігінің іздері бар тамақ өнімдерін тұтынбау, сондай-ақ кеміргіштер тұтынған саңырауқұлақтарды (кеміргіштердің тістеген ізі, үлкен дәреті болуы) жинамау.
- ішу, көкөністер мен жемістерді жуу, тамақ дайындау үшін тек қайнатылған суды пайдалану керек.
Эндемиялық аумақтарда туляремияның алдын алудың спецификалық әдісі – халықты иммундау (вакцинациялау).
Есіңізде болсын, туляремияны емдегеннен гөрі, алдын алған анағұрлым оңай!