Сербияда Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамаға қосылу мәселелері талқыланды

Сербияда Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамаға қосылу мәселелері талқыланды

26-27 маусымда Белградта (Сербия) Қазақстан, Өзбекстан және Сербия өкілдерімен субөңірлік семинар өтті, онда олар БҰҰ-ДДҰ ЕЭК Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамаға қосылу туралы ақпаратпен алмасты.

Қазақстандық делегация құрамына Комитет басқармасының басшысы Нұржан Қисабеков қатысты.

Семинардың мақсаты – Хаттамаға қосылу процестерін ілгерілетуде Орталық Азия елдерін қолдау және Хаттаманың ережелері мен артықшылықтарына қатысты елдердің әлеуетін нығайту арқылы оны іске асыруға дайындау.

Екі күндік семинарда қатысушылар қосылатын мемлекеттердің сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау саласындағы қажеттіліктері мен басымдықтары туралы білімдерімен алмасты.

Н. Қисабеков атап өткендей, Су және денсаулық проблемалары жөніндегі хаттамаға қосылу процесі қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен ведомствоаралық консультациялардан өтуде. Хаттамаға қосылу 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін сәтті аяқталады деп күтілуде.

Семинарда Сербия өкілдері стратегиялық және техникалық деңгейде ұлттық проблемалар шешу мен басымдықтарды айқындау тәжірибесін таныстырды.