
Құтырма – вирустардан туындайтын және орталық жүйке жүйесін зақымдаумен сипатталатын зоонозды топқа жататын қауіпті жұқпалы ауру.
Жабайы жануарлар – қасқырлар, қарсақтар, түлкілер табиғатта құтырма қоздырғышын тасымалдаушылар болып табылады. Үй жануарларынан иттер, мысықтар, ауылшаруашылық жануарлары құтырмамен ауырады.
Жұқпа құтырмамен ауыратын жануарлар арқылы беріледі. Вирус адам ағзасына зақымдалған тері, шырышты қабықтары арқылы сілекеймен бірге түсіп, жүйке жүйесін зақымдай отырып, қозғыштық, судан қорқу, сал ауруына әкеледі.
Жануарлардың түріне, тістеген орнына және жарақаттың ауырлығына байланысты инкубациялық кезең (қоздырғыштың ағзаға енген сәтінен бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін) 12 күннен 1 жылға дейін созылады.
Соңғы он үш жылда Атырау облысында құтырма ауруы тіркелген жоқ. 2023 жылдың 5 айында жануарлардың тістеуінен, тырнауынан, сілекейленуінен зардап шеккен 564 адам медициналық көмекке жүгініп, 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш 81,6 құрады, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,5 % көбейген (2022ж. 5 айда – 588 адам, көрсеткіш – 88,2).
Құтырманың алдын алуға болады, бірақ онымен ауырған адамды қазіргі кезде емдеудің еш мүмкіндігі болмай отыр. Бұл үшін тез арада медициналық көмекке жүгініп, құтырмаға қарсы антирабиялық екпелер алуы қажет. Мұны сырттай дені сау жануар тістеген жағдайда да жасау керек, себебі аурудың алғашқы клиникалық белгілері пайда болғанға дейін 10 күн ішінде қоздырғыш (вирус) сілекеймен бірге бөлінеді.
Ветеринариялық қызметкер адамды тістеген жануарға 10 күн ішінде бақылау жүргізеді. Егер көрсетілген мерзімнен кейін жануар сау болса, онда жұқтыру орын алмағанына сенімді болып, зардап шеккен адамға екпе тоқтатылады.
Ағзада құтырмаға қарсы иммунитет уақытында қалыптасу үшін екпелерді тістегеннен кейін бірден бастау және үзілуіне жол бермеу қажет. Екпелер жүргізген кезде қуатты және дәрумендерге бай тағамдарды пайдалану, ағзаның шаршауын, суықтауын, қызуын болдырмау, спирттік ішімдіктерді қолданбау ұсынылады. Мұның бәрі ағзаның қоздырғышпен күресуде қорғаныс күштерін нығайту үшін қажет. Егер екпелер дер кезінде және дұрыс жүргізілген болса, ауру пайда болмайды.
Жануарларда құтырма ауруының алдын алу үшін жануарлардың қожайындары оларды ұстау қағидаларын қатаң сақтауы тиіс. Итті көшеде қысқа тізгінмен, міндетті түрде тұмылдырық кигізіп ұстау керек, бұралқы иттермен жанасуына жол бермеу қажет. Жануарлардың мінез-құлқы өзгерген жағдайда, олардан аулақ болуға тырысып, уақыт оздырмай ветеринарялық дәрігерді шақырту қажет. Иттер және мысықтарды сатып алғаннан кейін құтырмаға қарсы ектірген жөн.
Құтырманың қауіпті дерт екенін естен шығармау қажет, сондықтан салғырттық танытуға болмайтынын есіңізде ұстаңыз. Сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда!