Жамбыл облысындағы энтеровирусты инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай

Жамбыл облысындағы энтеровирусты инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай

Жыл сайын Жамбыл облысында серозды менингитпен сырқаттанушылықтың 2-5 жағдайы тіркеледі. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша Жамбыл облысында ересектер арасында серозды менингит ауруының  1 жағдайы тіркелді (2022 жылдың 5 айында 2 жағдай тіркелген).

Серозды менингиттің жиі кездесетін себептерінің бірі – энтеровирусты инфекциялар.

Энтеровирусты  инфекциялар – орталық жүйке жүйесін, бұлшықеттерді, шырышты қабықтар мен теріні зақымдайтын, әртүрлі клиникалық көрініспен сипатталатын инфекциялық аурулардың үлкен бір тобы.

Энтеровирустардың жұғу көзі – адам:

1) науқас;

2) вирус тасымалдаушы;

3) реконвалесцент немеме аурудан жазылып шыққан адам.

Ауру қоздырғышының берілу жолдары:

1) нәжіс-ауыз арқылы;

2) ауа тамшылары;

3) вертикальды, яғни жүкті әйелдің жатырындағы баласына беріледі.

Температураның ауытқуына байланысты сарқынды суларда, тайыз су айдындарында энтеровирустар 1,5-2 айға дейін сақталуы  мүмкін.

Аурудың жаппай өршуі негізінен тазартылмаған, өңделмеген суды ауыз су ретінде пайдаланғаннан және ашық су айдындарында шомылуымен байланысты болады. Көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар ауырады.

Энтеровирусты  инфекциялар жаздық-күздік маусымдыққа ие.

Энтеровирустық инфекцияның ауыр және жиі кездесетін түрлерінің бірі – серозды менингит, ол қатты бас ауруымен, температураның 38-39°C дейін көтерілуімен, желке бұлшықеттерінің ауырсынуымен, жарықтан қорқумен және құсумен сипатталады.

Алдын алу шаралары:

- тамақтанар алдында, көшеден оралғаннан кейін және дәретханадан шыққаннан кейін қолды жуу;

- жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып, ылғалды тазалауды жүргізу;

- бөлмені жиі желдету;

- «тыныс алу этикетін» сақтау: жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жауып, қолданғаннан кейін қоқысқа тастаған жөн, содан кейін қолды жуу немесе ылғалды майлықпен сүрту;

- субұрқақтар мен ағынды емес су айдындарында шомылмау;

- ауыз субұрқақтарынан су ішпеу;

- белгіленбеген сауда орындарынан азық-түлік сатып алмау;

- өзін-өзі емдеумен айналыспау.