
Туберкулез әлемдегі ең көп таралған аурулардың біріне жатады. Біздің медицина алдын алу, науқастарды ерте анықтау және тиімді емдеу құралдарымен қамтылған. Егер туберкулезге тән белгілер пайда болса және уақтылы емделсе, туберкулезді жұқтырудан және оның асқынуларынан аулақ болуға болады.
Инфекцияның негізгі көзі – туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқас, ол сыртқы ортаға жөтелгенде және түшкіргенде қақырықпен бірге туберкулез таяқшаларын шығарады.
Туберкулездің негізгі белгілері: 2 аптадан астам жөтел, кеуде тұсындағы ауырсыну, түнгі терлеу, дене салмағының төмендеуі, температураның 37 - 37,5 градусқа дейін ұзақ уақыт көтерілуі, жалпы шаршау. Бұл белгілер басқа ауруларда да пайда болуы мүмкін. Мұндай белгілердің себебін тек медицина қызметкері анықтай алады. Жөтел туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастарда негізгі симптом болып табылады.
Туберкулездің алдын алу бірнеше кезеңнен тұрады:
Спецификалық – бұл баланы туғаннан кейін 2-4-ші тәулікте перзентханада вакцинациялау. Вакцинация нәтижесінде баланың денесінде иммунитет пайда болады, ол белгілі бір уақытқа созылады. Сондықтан бірнеше жылдан кейін балаларды 6 жасында бір рет ревакцинациялау жүргізіледі.
Балалардағы аурудың алдын алуда туберкулезге қарсы вакцинация жүргізу, жұқтырған туберкулин сынамаларын уақтылы анықтау және уақтылы сауықтыру шараларын қабылдау өте маңызды.
Сонымен қатар, балаңызды вакцинациялау туралы мәселелерді шешкен кезде, ең алдымен, интернеттен алынған негіздері жоқ ақпаратқа, медициналық білімі жоқ, осы салаға кездейсоқ адамдар орналастырған ғылыми зерттеулерге емес, нақты ғылыми мәліметтерін, вакцинопрофилактика саласындағы ғалымдардың, мамандардың ғылыми негізделген ақпарат көздерін, жарияланымдарын басшылыққа алу керек.
Профилактикалық екпелерден бас тарту арқылы ата-аналар баланы инфекциялардан және оның зардаптарынан қорғау құқығынан айыратынын есте ұстаған жөн.
Санитариялық-эпидемияға қарсы профилактика инфекцияның таралуын болдырмауға бағытталған мынадай шаралар кешенін қамтиды:
- ересек тұрғындарды тұрақты флюорографиялық қарап-тексеруден өткізу;
- балалардағы туберкулезді уақтылы анықтау үшін тәуекел тобындағы балаларға Манту сынамасын қою;
- туберкулезбен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды уақтылы тұрақты қарап-тексеру;
- туберкулез инфекциясы ошағында санитариялық іс-шаралар өткізу (науқасты оқшаулау және емдеу, дезинфекция жүргізу);
- науқастар мен байланыста болған адамдардың санитариялық-гигиеналық дағдыларын әзірлеу, халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру.
Туберкулезге қарсы күрес – біз бәріміз бірге осы қауіпті аурумен күрескен кезде ғана сәтті болады.