Дүниежүзілік темекісіз күн

Дүниежүзілік темекісіз күн

Жыл сайын 31 мамырда Қазақстанда бүкіл әлем сияқты Дүниежүзілік темекісіз күн атап өтіледі.

Қазақстан 2006 жылы ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясын ратификациялады және адамдарды темекі түтінінен қорғау бойынша сектораралық шараларды жүзеге асыруға міндеттеме алды. Еліміз темекіге қарсы күрес жөніндегі өз заңнамасын әзірлейді және күшейтеді әрі оны сақтаудың тиімді тетіктерін қамтамасыз етуге күш салады.

2009 жылы қабылданған және 2020 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексін енгізумен күшейтілген темекіні бақылау жөніндегі бірқатар мемлекеттік шаралар Қазақстанда темекі тұтынудың 7 пайызға жуық төмендеуіне әкелді.

Осылайша, қоғамдық денсаулық сақтау саласында қабылданған шаралардың арқасында Қазақстанда бүгінгі таңда посткеңестік кеңістік аумағында темекіге қарсы іс-қимыл бойынша ең күшті шаралар бекітілген:

- 2009 жылдан бастап қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу, 2020 жылы темекі түтінінен бос орындарды қамту кеңейту;

- 2011 жылы темекі қорабындағы суреттер түрінде темекінің зияны туралы графикалық ескертулерді енгізу;

- темекі мен темекі бұйымдарын жарнамалауға тыйым салу, сондай-ақ темекі мен темекі бұйымдарына сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған түрлі іс-шараларды, оның ішінде жүлделер ұтысын ойнату, лотереяларды өткізу нысанында жарнамалауға тыйым салу;

- 2014 жылы темекіге акциздерді екі есе арттыру, сондай-ақ 2020 жылы қабылданған Кодекстің темекіге қарсы шараларының үлкен жиынтығы, мысалы:

1) барлық сату орындарында темекі ашық көрсетуге тыйым салу;

2) темекіні тұтынудың жаңа түрлерін темекіге теңестіру;

3) шегілмейтін табак айналымына толық тыйым салу (насыбай, снюс);

4) алкогольге ұқсас, темекінің барлық түрлерін сату жасын 18 жастан 21 жасқа дейін арттыру.

Халықтың темекі шегуден саналы түрде бас тарту дағдыларын және денсаулық сақтауға жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға, әртүрлі жас санаттарындағы халықтың темекі өнімдерінің, оның ішінде темекі индустриясы қауіпсіз деп ұсынатын жаңа түрлердің (IQOS, GLO, вейптер) зияны туралы, сондай-ақ олардың қоршаған ортаға теріс әсері туралы ақпараттандырылуын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.  

Қазіргі уақытта вейп айналымына толық тыйым салу бөлігінде Қазақстанда никотинді тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымын реттеу бойынша жұмыс жүргізілуде.