Тамақтан уланудың және тамақпен бірге берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу

Тамақтан уланудың және тамақпен бірге берілетін инфекциялық аурулардың алдын алу

Сальмонеллез, описторхоз, иерсиниоз, дизентерия, норовирустық және ротавирустық инфекциялар, «А» вирустық гепатиті және басқа да аурулардың қоздырғыштары тағам өнімдерімен берілуі мүмкін, сонымен қатар азық-түлікте түрлі микроорганизмдердің токсиндері жиналған кезде тағамдық токсикоинфекция туындауы мүмкін.

Тағамнан улану және тағаммен жұғатын жұқпалы аурулардың себептері – тағам дайындау технологиясының бұзылуы, олардың дұрыс сақталмауы, аспаздар мен кондитерлердің жеке гигиена қағидаларын сақтамауы болып табылады.

Инфекцияның пайда болу қауіпі жоғары тамақ өнімдері – көп  компонентті салаттар, кремі бар кондитерлік өнімдер, тартылған ет өнімдері және т.б. Нашар жуылған жемістер мен көкөністердің бетінде жұқпалы аурулардың қоздырғыштары, атап айтқанда, вирустық инфекциялар қалуы мүмкін.

Тағамнан уланып қалудың алдын алу мақсатында дайын өнімдерді бір тәуліктен артық сақтамас үшін салаттар, тартылған ет өнімдері, желені аз мөлшерде ғана дайындауды ұсынамыз. Егер дүкеннен дайын тағамды сатып алсаңыз, өнімді дайындау уақыты мен оның жарамдылық мерзіміне, сөредегі сақталу жағдайына жіті назар аударыңыз. Жартылай фабрикаттар, ет өнімдері мұқият термиялық өңдеуден қайта өтуі керек. Тоқаштар мен кілегейлі торттарды тоңазытқышта сақтау маңызды және бұл тез бұзылатын тағам екенін ұмытпаңыз.

Үйде тамақ дайындау кезінде бірқатар қағидаларды сақтау керек: тағам пісіруді бастамас бұрын және шикі өнімдермен жанасқаннан кейін қолыңызды мұқият жуыңыз, «шикі» және «дайын» тағамдар үшін жеке-жеке бөлшектеу тақтайлары мен пышақтарды қолдану қажет, көк шөптерді, көкөністер мен жемістерді мұқият жуыңыз (қайнаған сумен өңдей отырып), туралған етті алдын ала (тәуліктен астам) дайындамаңыз, тоңазытқышта дайын тағамдар мен шикі ет, балықты бір сөреге қоймауға тырысыңыз.

Науқастанған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініңіз.