
Оба – аса қауіпті топқа жататын зоонозды табиғи ошақты карантиндік жұқпалы ауру.
Обаның өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады.
Жұғу жолдары: трансмиссивтік (бүрге шаққанда), жанасу арқылы (мал сойғанда, терісін сыпырғанда, т.б.), ауа-тамшылары арқылы (өкпесінде обасы бар науқас арқылы). Сонымен қатар оба ауруының тасымалдаушылары болып табылатын кеміргіштер (тышқан, егеуқұйрықтар, саршұнақтар т.б) арқылы да жұғады.
Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы 2-6 күн. Оба таяқшасы кемірушілер денесінде 4-5 ай, бүргелерде 1 жылға дейін тіршілік етеді.
Ауруға қарсы алдын алу іс-шаралары мыналарды қамтиды:
1) науқасты оқшауланған палатаға емдеуге жатқызу және олармен байланыста болған адамдарды оқшаулау;
2) сақтық шараларын сақтай отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету;
3) эпидемиологиялық анамнез жинау;
4) науқастың болған орнын, оның ішінде оны тасымалдаған құралдарды, сондай-ақ жұқпалы объектілерді дезинфекциялау.
Сондай-ақ обаның табиғи ошақтары аумағындағы объектілерде:
1) кеміргіштердің енуі және тіршілік әрекеті үшін жағдайларды болдырмау мақсатында елді мекендер мен ұйымдардың аумағын күтіп-ұстауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды орындау;
2) елді мекендердің аумақтарында немесе ұйымдарда дератизациялауды және дезинсекциялауды ұйымдастыру және жүргізу;
3) табиғи ошақтың аумағында уақытша немесе тұрақты болатын барлық адамдарға эпизоотиялық және эпидемиялық жағдай асқынған кезде обаға қарсы профилактикалық екпе жүргізіледі.
Вакцинация – оба ауруынан сақтанудың ең тиімді жолы. Екпені жоспарлы түрде жасайды және эпидемиялық көрсетілімдер бойынша бір рет, қайта екпе егуді соңғы егуден кейін 12 айдан кейін жасайды.