Сібір жарасының алдын алу

Сібір жарасының алдын алу

Республика бойынша соңғы жылдары адамдардың сібір жарасын жұқтыруына кенеттен ауырған жануарларды ветеринариялық куәландырусыз үй жағдайында еріксіз сою, ауру жануарды сойысуға, етін бөлшектеуге қатысуы себеп болған.

Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар үшін ортақ, зооантропонозды аса қауіпті ауру, қоздырғышы негізінен байланыс механизмімен беріліп, белгілі бір жағдайларда спора түзуге қабілетті болып келеді.

 Сібір жарасы спораларының қоздырғыштары жоғары температураға, кептіруге және дезинфектанттарға төзімді болғандықтан, топырақта ұзақ жылдар бойы сақталады.

Негізгі инфекция көздері ауру үй жануарлары – ірі және ұсақ мүйізді малдар, шошқалар, жылқылар, түйелер. Сау малдар жайылымдарда сібір жарасының спораларымен ластанған шөпті қорек ету немесе құрамында споралары бар топырақтың бөліктерін жұту арқылы жұқтырады.

Көптеген жағдайларда адамдарда сібір жарасын жұқтыру ауру малды сою және етін жіліктеу кезінде зақымдалған тері арқылы қоздырғыштың енуі нәтижесінде, сондай-ақ ауру малдардан алынған еттері мен шикізаттары арқылы жұқтыруынан туындайды.

Адамдарда аурудың алғашқы белгілері жұқтырғаннан кейін 2-8 күннен кейін байқалады. Ауру әртүрлі клиникалық формаларда – терілік, асқазан-ішек, өкпелік түрде өтеді.  

Адамдарда сібір жарасының терілік түрі анағұрлым жиі кездесіп, көр шиқанды (карбункул) түрінде болады. Көр шиқан көбінесе дененің ашық жерлерінде: бетте, мойында, қолдарда пайда болады. Науқастар ауырған кезде бас ауруына, әлсіздікке, дене қызуының көтерілуіне шағымданады.

Сібір жарасы ауруының өкпелік түрі өте ауыр өтеді. Күшті қалтырау, ентігу, терінің көгеруі, қанды қақырықтың бөлінуі болады.

Сібір жарасы ауруының асқазан-ішек түрі білінбей дамиды және құсу, қан аралас іш өтудің пайда болуы кеш белгілері болып табылады.

Әрбір жануарлардың иелері сібір жарасын жұқтыру қауіптілігін ескере отырып, жеке бастың алдын алу шараларын сақтауға міндетті, сондай-ақ ауылшаруашылығы жануарларын сібір жарасына қарсы вакцинациялауы, сатып алынған жануарлар туралы хабарлауы қажет. Мал дәрігерінің бақылауынсыз малды союға, етін жіліктеуге, ауру жануарлардың терісін, жүнін өңдеуге болмайды.

Сібір жарасын жұқтырудан өзіңіз бен жақындарыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін, жануарлардың ауруы, оларды еріксіз сою немесе өлу жағдайлары туралы дереу ветеринар маманға хабарлау қажет.

Сібір жарасы – жануарлар және адамдар өмірі үшін қауіпті ауру екенін әрқашан есте ұстаңыз!