
Күнделікті мониторинг деректеріне сәйкес 2023 жылғы 23 мамырдағы мерзімге Жамбыл облысында қызылшаның зертханалық расталған 25 жағдайы тіркелді. Науқастардың 72%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.
Науқастардың 72%-ы – ата-аналары екпеден бас тартқан және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар вакцинацияланбаған балалар, 20%-ында екпе туралы мәліметтер жоқ, ал 8%-ы егу жасына толмаған балалар екенін айта кету керек.
Жүргізілген іс-шаралардың барысынды ошақтарда қарым-қатынаста болған 270 адам анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Ошақтардағы эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 34 адам қызылшаға қарсы екпе алды.
2023 жылдың 4 айында қызылшаға, қызамыққа, эпидпаротитке қарсы екпемен 1 жастағы 9075 бала, 6 жастағы 11439 бала ревакцинациямен қамтылды. Сонымен қатар, облыста бұрын егілмеген 2274 адамды, оның ішінде бұрын екпеден бас тартқан 413 адамды толықтыра вакцинациялау жүргізілді.
Қызылша – бұл ауа-тамшылы инфекциялар тобына жататын жіті жұқпалы вирустық ауру. Инфекция көзімен байланысқаннан кейін қызылшаға қарсы вакцинацияланбаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады.
Қызылшаның алғашқы белгілері: жалпы әлсіздік, дене температурасының көтерілуі, бас ауруы, мұрыннан су ағу, тамақ ауруы, көздің қарығуы, көздің қызаруы, көзден жас ағуы (конъюнктивит), жөтел.
Негізгі белгілері: бастан бастап, содан кейін дененің төменгі бөлігіне және аяқтарға дейін таралатын бүкіл денедегі бөртпе; тамақтағы ақ (жарма шоғыры сияқты) және қызыл дақтар.
Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар кеш медициналық көмекке жүгінген және ауыр ілеспе сырқаттар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
Қызылшаны емдеудің тиімді және нақты әдісі жоқ. Қызылшадан жалғыз тиімді қорғаныс – вакцинация.
Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация тегін, екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста, екіншісі 6 жаста. Вакцинациялау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен бірге қолданылады.