Трансшекаралық ынтымақтастық пен коммуникацияны жақсарту арқылы денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Трансшекаралық ынтымақтастық пен коммуникацияны жақсарту арқылы денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Комитеттің өкілдерінен құралған Қазақстан Республикасының делегациясы 2023 жылғы 18-19 мамырда Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) өткен «Трансшекаралық ынтымақтастық пен коммуникацияны жақсарту арқылы денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік жөніндегі өңірлік диалог» деп аталатын Орталық Азия елдерінің өңірлік конференциясына қатысты.

Конференцияны ДДҰ-мен ынтымақтастықта АҚШ-тың Жұқпалы ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарымен бірлесіп, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХҚҰ, БҰҰ Көші-қон агенттігі) ұйымдастырды.

Конференция денсаулық сақтау, шекара және көші-қонға жауапты Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның мүдделі мемлекеттік органдары мен ведомстволарының өкілдерінен, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, АҚШ-тың Жұқпалы ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары өңірлік басшыларының өкілдері мен сарапшыларынан құралған делегаттарды жинады.

Конференцияда Орталық Азия елдерінің қатысушылары арасында Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалар (ХМСҚ) және басқа да платформалар шеңберінде деректерді үйлестіру мен алмасудың тиімді моделі арқылы трансшекаралық үйлестіру және коммуникация мәселелерін қозғайтын тақырыптар талқыланды.

COVID-19 пандемиясы өңірде жұқпалы аурулардың таралуын бақылау бойынша тиімді жауап шараларын ұйымдастыру үшін шешімдерді қажет ететін бірқатар мәселелерді анықтады. Осыған байланысты, трансшекаралық ынтымақтастық және шекарадағы денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ХМСҚ құқықтық негіздерін нығайтуға ерекше назар аудару ұсынылды. Аталған мәселелерді шешу үшін конференцияны ұйымдастырушылар Орталық Азия елдері арасында ақпарат алмасу тетігін жетілдіру жөніндегі іс-шараларды қамтитын Жол картасының жобасын жасады.                                                                                                                           

Конференция соңында қатысушылар бірлескен ұсынымдар жобасын мақұлдады.

Құжатта екі күндік конференцияның қорытындысы бойынша қол жеткізілген бірлескен жұмыстың нәтижелері, сондай-ақ шекарада қоғамдық денсаулық сақтауды нығайту үшін ХМСҚ шеңберінде трансшекаралық үйлестіру мен коммуникацияны арттыру бойынша бірлескен жұмыстың әрі қарайғы бағыттары көрсетілген.