
Листериоз – адамдар арасында тіркелетін тағам арқылы таралатын ауыр инфекциялық сырқаттың бірі. Қазақстанда жыл басынан бері листериозды жұқтыру жағдайлары тіркелмеді.
Листериоз ас қорытудың бұзылуымен, пиелонефриттермен, менингиттермен, ішкі ағзаның әртүрлі зақымдануларымен, аяқ астынан түсік тастау, өлі туу, жаңа туған нәрестелердің өліміне әкелетін жатырішілік қабынулармен көрініс береді.
Листерия бактериясы сыртқы ортада төзімді, табиғи су қоймаларында 1 жылға дейін сакталады. Тоңазытқыштағы ет пен сүтте ұзақ уақыт сақталып қана қоймай, тіпті көбейеді. Төмен температура, мұздату, кептіру ауру қоздырғышына кері әсерін тигізе қоймайды. Бактерия қайнату барысында 3-5 минут ішінде жойылады.
Листериоздың формалары: көздік, терілік, жіті респираторлық, баспалық. Көздік түрінде көз жасаурап, коньюнктивит болады, терілік түрінде жаралар шығып, баспалық түрінде дене қызуы көтеріліп, буындар, бұлшықеттер, сүйектер ауырып, бадамша бездері іріңдейді.
Жұқпа көзі – ауру жануарлар, тышқан тәрізді кеміргіштер, құстар, кенелер, бүргелер.
Жұқтыру жағдайлары:
- жеткіліксіз термиялық өңдеуден өткен немесе термиялық өңдеуден мүлдем өтпеген тағамдарды (ет және ет өнімдері, балмұздақ, сүт тағамдары, балық, теңіз өнімдері) пайдаланғанда;
- үй жануарларын (ит, мысық) күтіп-баптағанда;
- жыныс жолдарының шырышты қабаттары арқылы;
- ұрыққа жатырішілік жұқтыру;
- ауру кеміргіштердің нәжістерімен залалданған (ауру кеміргіштер қоздырғышты белсенді түрде сыртқы ортаға бөледі, әсіресе зәрімен тағам өнімдері мен сыртқы орта нысандарын ластайды) сыртқы орта нысандарымен байланыста болған кезде;
- ауру жануарлар мен кеміргіштердің кепкен нәжістерімен залалданған ферма, қойма, басқа өндірістік бөлмелерді жинаған кезде шаң арқылы.
Листериоздың алдын алу шаралары:
- сапалы және құнарлы тағам өнімдерін пайдалану;
- үй жағдайында тағам дайындаудың гигиеналық қағидаларын қатаң сақтау;
- жеке бас гигиенасын сақтау;
- тағам дайындар алдында және дайындаған соң қолды жуу;
- ыдыс-аяқты, өңдеу мүкаммалдарын және асхана аспаптарын тазалап жуу;
- тоңазытқыш және мұздатқыш температурасының қажетті деңгейде болуын бақылау;
- өнімді пайдаланар алдында жарамдылық мерзімін тексеру.
Осы қарапайым қағидаларды сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды аурудан сақтауға болады!