
Көктемнің жылы күндерінде жақсы ауа-райы мен ауада серуендеуден басқа, бізді қар еріген бойда «оянатын» кенелер сияқты қауіп күтіп тұр. Кене маусымы сәуірден қыркүйекке дейінгі кезең болып саналады. Кенелер туляремия, кене энцефалиті және кене риккетсиозы сияқты ауруларды жұқтыруы мүмкін.
Кене риккетсиозын көбінесе кене энцефалитімен шатастырады, өйткені бұл екі ауруды да кенелер тасымалдайды. Алайда бұл мүлдем әртүрлі аурулар екенін білу керек.
Ең ауыр сырқат – кене энцефалиті, бұл негізінен орталық жүйке жүйесін зақымдайтын ауру. Кене риккетсиозының кене энцефалитінен айырмашылығы, қатерсіз жүреді, ауру сауығумен аяқталады. Науқас адам басқаларға жұқпалы емес.
Павлодар облысында мекендейтін кенелер өмірге қауіп төндірмейді, олар кене риккетсиозын тудырады. Өткен жылы кененің шағуына байланысты 102 жағдай тіркелді, ағымдағы жылы медициналық ұйымдарға 20-ға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде риккетсиоздың тек 1 жағдайы Ақсу ауылдық аймағының тұрғынында расталды.
Кенелердің қалай шабуыл жасайтыны туралы аздаған ақпарат. Жәндіктер шөпті өсімдіктерде жиі, бұталарда сирек кездеседі, бірақ ешқашан ағаштарға жорғаламайды, олардан құламайды және секірмейді. Адам кененің жанында тұрса болды, кене теріге, киімге жабысып, денеге сору үшін киімнің астынан оқшауланған орын тапқанша жоғары қарай жылжиды. Кенелер әрдайым жоғары қарай қозғалады, сондықтан олар қолтық астында, шапта, арқада, мойын мен баста табылады. Егер сіз орманда, далада немесе саяжайда болсаңыз, кенелерді анықтау үшін әр 15-20 минут сайын тексеру жүргізу қажет.
Кене шағып алған кезде шұғыл түрде травматологиялық пунктке бару керек, онда оны алып тастайды, ал шағу орнын тексеріп, өңдейді. Егер кене тістеп алса және травматологиялық пунктке жүгіну мүмкін болмаса, онда кез-келген жағдайда кенені дереу алып тастау керек. Шығару пинцетпен немесе саусақтарыңызбен тістелген орынға мүмкіндігінше жақын, жеңіл тербеп қозғалтумен ұстау арқылы жүзеге асырылады. Содан кейін тістеген жерге йод тұнбасын немесе спиртті жағу керек.
Орманға, саябаққа немесе кенелер кездесетін кез келген аумаққа кіргенде, кенелердің киімнің астына кіріп кетуіне жол бермейтін және жабысқан кенелерді анықтау үшін жылдам тексеруді жеңілдететін киім кию керек. Киімді арнайы аэрозольді химиялық заттар – акарицидтермен (кенелерді өлтіретін), репелленттермен (кенелерді қорқытатын) немесе акарицидті репелленттермен (бір мезгілде қорқытатын және өлтіретін) өңдеу кезінде қорғаныс тиімділігі бірнеше есе артады. Жағымсыз реакцияларды тудырмау үшін бұл құралдарды ешқашан теріге қолдануға болмайды.