
Адам денсаулығына қауіп төндіретін кең таралған проблемалардың бірі – тамақтану рационында дәрумендер мен минералдардың, оның ішінде темір мен фолий қышқылының жетіспеушілігі. Денедегі темір тапшылығының салдары – темір тапшылығы анемиясы.
Азық-түлік өнімдерін дәрумендермен және минералдармен байыту (фортификациялау) Қазақстан Республикасының халқы арасындағы темір тапшылығы жай-күйінің алдын алу, бақылау және жою үшін қоғамдық денсаулық сақтау тәсілі ретінде қолданылады.
Жаппай және тұрақты тұтыну өнімі – бидай ұны, ал нан – күнделікті тұтынатын қолжетімді өнім.
Отандық ұн өндірушілер үшін заңнамалық деңгейде Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын міндетті фортификациялау нормасы бекітілген. Осылайша, мемлекет қазақстандықтар арасында темір тапшылығының алдын алуды қамтамасыз етуге шешім қабылдады, бұл халықтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді.
Қостанай облысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының бақылауында 54 ұн тартатын кәсіпорын бар, оның ішінде жыл бойы жұмыс істейтіндері – 32. Барлық жұмыс істейтін диірмендерде ұнды дәрумен-минералды кешенмен байытуға арналған жабдық орнатылған.
СЭҚ мамандары санитариялық-гигиеналық мониторингті фортификацияланған ұнды өндіру, сақтау және өткізу кезеңдерінде, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау объектілерінде, әлеуметтік мекемелерде ұйымдастырылған ұжымдарды тамақтандыруда пайдалану кезінде жүзеге асырады. Бақылау және қадағалау объектілерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің бұзушылықтары анықталған кезде (Денсаулық туралы кодекс, санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер және т.б.) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданады (425-бап негізгі және басқа да баптар қолданылуы мүмкін) және ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріледі.