
Қазіргі заманғы нарықта ет өнімдерінің көптеген өндірушілері бар. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын параметрлері оның сапасы, қауіпсіздігі, органолептикалық көрсеткіштері және қолжетімді бағасы болып табылады.
Ет және ет өнiмдерiн дүкен сөрелерінен сатып алмас бұрын, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін ветеринариялық-санитариялық бақылаудан өткендігіне көз жеткізіңіз.
Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі Кеден Одағының 034/2013 «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», Кеден Одағының 021/2011 «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерімен реттеледі. Яғни, сыртқы қаптамада тамақ өнімдерінің атауы, құрамы, таза салмағы, дайындалған күні және буып-түю күні, жарамдылық мерзімі, сақтау шарттары, тамақ өнімін өндірушінің атауы және орналасқан жері болуы тиіс. Сонымен қатар, тамақ өнімдерінің тағамдық құндылығының көрсеткіштері өнім дайындалған және сәйкестендіріле алатын құжаттарға енгізілуі тиіс.
Барлық сатылатын ет өнімдерінде оның қауіпсіздігін растайтын ілеспе құжаттар (жүкқұжат, сәйкестік туралы декларация, ветеринариялық анықтама немесе ветеринариялық паспорт) болуы тиіс.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тұрғындарға ет және ет өнімдерін пайдалану кезінде мына қағидаларды сақтауды ұсынады: техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін, шіріген, бүлінген, ластанған, белгіленген жарамдылық мерзімі жоқ немесе мерзімі өткен, таңбалануы жоқ, сақтау және тасымалдау шарттары бұзылған ет өнімдерін пайдаланбауға кеңес береді.