
Серозды менингит – бұл мидың қабыну ауруы. Күн жылынып, сәйкесінше шомылу маусымының басталуымен бірге энтеровирустар – серозды менингиттің қоздырғыштары белсенді бола түседі.
Бұл вирустар қоршаған ортаға төзімді және адамға:
- су;
- тамақ – көкөністер мен жемістер, ет және т. б.;
- кір қолдар;
- ауа тамшылары арқылы (ауада үлкен концентрация болған жағдайда)
жұғады.
Шомылу кезінде су қоймаларында, бассейнде жұқтыру ықтималдығы жоғары.
Негізгі тәуекел тобында 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар, өйткені олардың иммунитеті енді қалыптасып келеді, бұл кезеңде анадан берілетін иммунитет жұмысын тоқтатады. Аналық иммунитеттің көмегімен алты айға дейінгі балалар менингитпен өте сирек жағдайларда ғана ауырады. Жазда менингит жұқтыру қаупі басым.
Менингит жедел басталады және науқастың температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі. Оның басы, бұлшықеті ауырады, сондай-ақ нәжісі бұзылуы мүмкін.
Кей ауыр жағдайларда науқас құрысуды сезінеді, бұл мидың зақымдалуымен байланысты, сондай-ақ тұрақсыз психикалық күйде болады (сандырақтау және мазасыздану).
Бір аптадан кейін температура қалыпты деңгейге дейін төмендейді және ағза өз функцияларын қалпына келтіреді, алайда осы кезеңде ауру қайталануы мүмкін.
Серозды менингиттің алдын алу шаралары:
1. Ашық су қоймалары көбінесе инфекция көзіне айналатындықтан, ұйымдастырылған жерде шомылу керек. Суда болған кезде суды жұтуға, ішуге мүлдем болмайды.
2. Қайнатылған, тазартылған суды ішу де вирусты жұқтыру мүмкіндігін азайтады.
3. Жеке гигиена қағидаларын сақтау және қолды уақтылы жуу менингиттен ғана емес, басқа да инфекциялардан өзіңізді қорғауға көмектеседі.
4. Сондай-ақ, менингит вирусы жуылмаған көкөністер мен жемістерде болуы мүмкін, сондықтан қолданар алдында оларды қайнаған сумен шайған жөн, бұл қағида әсіресе бұрын менингитпен ауырған адамдарға тікелей қатысты.
5. Денені шынықтыру оның вирустар мен бактерияларға қарсы қорғаныс функцияларын арттыруға көмектеседі.
Ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай екенін ұмытпаңыз!