
Пандемия басталғаннан бері Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясының 26028 жағдайы тіркелді. Оның ішінде анықталған 17088 жағдай ауру симптомдарымен болса, 8940 дерегі – клиникалық белгілерсіз. Облыстағы коронавирус инфекциясының бүгінгі эпидемиологиялық ахуалы тұрақты деп бағаланады.
2023 жылдың басынан бері 79 адам коронавирус індетіне шалдыққан, оның ішінде 28 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Ағымдағы жылдың сәуір айының 22 күнінде 16 жағдай есепке алынды. 2023 жылдың ай көрсеткіштері бойынша аурушаңдық динамикасында төмендеу тенденциясы байқалады, қаңтарда 34, ақпанда 14, наурызда 15 дерек есепке алынды.
Инфекциядан қорғанудың тиімді жолы – COVID-19-ға қарсы вакцинацияның аяқталған курсы және ревакцинация. Облыс бойынша вирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен тиісті контингенттің 94,2%, екінші компонентімен 93,2% егілген. Сонымен қатар 275852 тұрғын ревакцинациядан өткен болса, қайта ревакцинация жасатқандардың саны – 77880 адам. Бүгінгі күні облыс емханаларында коронавирус инфекциясына қарсы екпе жалғасуда. Иммундау жүргізу үшін Sinopharm вакцинасының 1700 дозасы және ревакцинациялау үшін Pfizer вакцинасының 21000 дозасы бар.
Вакцинациялауға қосымша жеке бас гигиенасын сақтауды, қолды сабындап жууды, антисептик қолдануды ұмытпау керек. Адам көп жиналатын орындарға баруды мүмкіндігінше шектеген артық болмайды. Қоғамдық көлікке мінгенде, халық көп болатын орындарда маска тағуға кеңес береміз. Бұл сақтық шаралары ауа тамшылары арқылы таралатын инфекциялық аурулардан қорғайды.