Шымкент қаласындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Шымкент қаласындағы қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай

Соңғы кезде қызылша аурушаңдығының өсуіне байланысты қырағылық танытып, халық арасында қызылшаның таралуына жол бермеген жөн!

Республика бойынша қызылшаға күдікті 291 жағдай тіркелді, оның ішінде 182 жағдай зертханалық расталды.

Шымкент қаласында 2021-2022 жылдары қызылша ауруы тіркелмеген еді, алайда ағымдағы жылдың басынан қызылшаның 13 жағдайы тіркелді, оның ішінде 9 жағдайы зертханалық расталды. Ауырғандардың ішінде 8 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген, оның ішінде қызылшаға қарсы екпені алмаған балалар 85,7%-ды құрап отыр.

Қызылша – ауа-тамшы жолымен таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінеді және өте тез таралады.

Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды, өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады.

Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін.

Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болады және 72 сағат ішінде егуге жататындар егіледі.

Инкубациялық кезең (жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін) 7 күннен 21 күнге дейін созылады.

Қызылшаның асқынуы: ең көп тараған түрі ортаңғы құлақтың қабынуы (отит), соқырлық, бронхтық пневмония, мойын лимфотүйіндерінің қабынуы, ларингит, энцефалит.

Егер суық тию белгілері пайда болса, дәрігерді үйге шақырып, ем қабылдаумен тексеруден өту керек. Науқастарға уақтылы диагноз қою, емдеуді тағайындау және ұйымдасқан ұжымға барған жағдайда оны оқшаулау және инфекцияның одан әрі таралуын болдырмау үшін алдын алу шараларын уақтылы жүргізу қажет.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламалы жолы – вакцинация.

Қызылшаға қарсы егу – вирусты жасанды жолмен тоқтату, нәтижесінде ағза өзін тұрақты қорғайтын иммунитет қалыптастырады.

ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сай ең алғашқы вакцинация дені сау кезінде балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады. Қызылшаға қарсы қосымша егулер эпидемиологиялық көрсетіліммен:

- науқаспен байланыста болған қызылшаға қарсы егілмеген немесе егу туралы мәліметі жоқ, осы аурумен ауырмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға;

- 55 жасқа дейінгі медициналық жұмыскерлерге және өз қалауымен 30 жастан асқан адамдарға салынады.