
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың 2023 жылғы 14 сәуірдегі № 3 «Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды өткізу туралы» қаулысы (бұдан әрі – № 3 БМСДҚ) шығарылды.
Коронавирус инфекциясына (бұдан әрі – КВИ) қарсы вакцинация мәселелері бойынша талаптар COVID-19 Омикрон штамының айналымын ескере отырып өзектендірілді, ол бүкіл әлемде айналымда болатын басым нұсқа болып қала береді, оның үлесіне Қазақстан Республикасында зерттелген үлгілердің 99,8%-ы тиесілі.
Бүгінгі таңда КВИ-ге қарсы вакцинацияның арқасында КВИ бойынша ұжымдық иммунитетке қол жеткізілді, бұл осы инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді.
Осыған байланысты, КВИ аурушандығын одан әрі тұрақтандыру, ұжымдық қорғау деңгейін қолдау және қазақстандықтар үшін вакцинацияға қолжетілімділікті қамтамасыз ету үшін Словакиядан гуманитарлық көмек аясында «Комирнати/Омикрон BA.4-5» (Пфайзер) вакцинасының 500 мыңнан астам дозасы елге жеткізілді.
Жоғарыда көрсетілген вакцинаны қолдана отырып, ревакцинацияны ұйымдастыру және жүргізу үшін № 3 БМСДҚ-да «Комирнати/Омикрон BA.4-5» (Пфайзер) вакцинасын қолдана отырып, КВИ-ге қарсы ревакцинация жүргізуге қойылатын талаптар көзделген.