Батыс Қазақстан облысында сарып ауруының 9 жағдайы тіркелді

Батыс Қазақстан облысында сарып ауруының 9 жағдайы тіркелді

Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша, тұрғындар арасында сарып ауруының 9 жағдайы тіркелді. Тіркелген жағдайдың 6-уы зертханалық расталды, қалған 3-еуі зерттелуде.

Сарып – қимыл-тірек аппараты, жүйке, жүрек-тамыр және несеп-жыныс жүйесін зақымдайтын ауыр созылмалы ауру. Адамдар үшін инфекция көзі – қой мен ешкі, сирек ірі қара, түйе, шошқа.

Сарып ауруының қоздырғышы жануардың ағзасында 1 жылға дейін сақталады, сыртқы ортаға сүт, несеп, нәжіс, іш тастаған материалмен, қағанақ сұйықтығымен және басқа да бөлінділермен бөлінеді.

Топырақ, жайылымдар, су қоймалары және айналадағы заттар: жем қалдықтары, мал тұрағы, үй-жайлар ластанады. Қида, жануардың бөлінділерімен ластанған топырақта, жүнде сарыптың қоздырғышы 3-4 айға дейін сақталады. Инфекцияның таралуына шикі сүт пен сүт өнімдері: ірімшік, кілегей, қаймақ, қымыз, шұбат маңызды рөл атқарады.

Адам сарыпты ауру жануарларды күту кезінде, жеке гигиена шараларын сақтамаған және жеке қорғану құралдарын қолданбаған кезде, шикізатты өңдеу, жануарлардан алынатын өнімдерді термиялық өңдемей тамаққа пайдалану, жүнді қырқу, түбітті тарау, сондай-ақ ауру жануарлар тұрған үй-жайлар мен аумақты жинау кезінде жұқтырады.

Адамда ауру бірден пайда болмайды. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанша 7 күннен 2 айға дейін уақыт өтуі мүмкін. Аурудың басында, әдетте, дене қызуы көбінесе кешке көтеріледі, науқастар бүкіл дененің әлсіздігіне, бас ауруына, бұлшықеттің ауырсынуына, аяқтың буындарына, белге, нашар ұйқыға, әсіресе түндегі қатты терге, тәбеттің төмендеуіне шағымданады.

Кейбір жағдайларда сарып ауруы, әсіресе емделмеген сарып, ұзаққа созылуы мүмкін және толық мүгедектікке әкеледі. Әйелдерде созылмалы сарып індеті түсік тастау түрінде көрінуі мүмкін.

Жеке иеліктегі малдан сарып ауруын жұқтыру мүмкіндігін ескере отырып, әрбір мал ұстаушы адам сарыптың алдын алудың негізгі қағидаларын білуі және оларды қатаң орындауы тиіс:

- ұсақ және ірі қара малдармен жұмыс істегенде, жеке бас гигиенасының қағидаларын сақтау;

- малдарға күтім жасау жұмыстарының барлық түрлерін арнайы киіммен жүргізу;

- арнайы киімді үй киімімен бірге тұрғын үйде және тамақтану бөлмесінде сақтамау;

- арнайы киімді аптасына бір рет (лас жұмыстарды орындағанда - жиі) залалсыздандыру және жуу;

- малдарды күту бойынша лас жұмыстарды орындағаннан кейін қолды жақсылап сабынмен жуу;

- жыл сайын малдарды сарыпқа тексеруден өткізу;

- ветеринариялық дәрігердің рұқсатынсыз ет, сүт сатпау;

- малды сою қағидаларын сақтау;

- базардан жеке адамдардан мал сатып алғанда, ветеринариялық анықтаманы талап ету;

- жануарларда түсік тастау, төлді өлі туу жағдайлары орын алса, ветеринариялық мамандарға хабарлау.

Ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан сатып алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері) қажет.

Медициналық көмекке аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда жүгіну – өте маңызды. Науқас дәрігерге неғұрлым ертерек жүгінсе, емдеу нәтижелері соғұрлым жақсы және сәтті болады.