
2022 жылы облыста туберкулез аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болды, сырқаттанушылық көрсеткішінің 1,3 есеге өсуі байқалды, 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдық 6 жағдайға артты, 2021 жылы облыс бойынша 4 науқас тіркелді, 2022 жылы – 10.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 2 айында науқастардың саны 14 жағдайға, 2022 жылғы туберкулездің 33 жағдайынан 47 жағдайға дейін өсті.
Ағымдағы жылғы ақпанның 24-і мен наурыздың 24-і аралығында «Біз туберкулезді жеңе аламыз» атты ұранмен айлық өткізілді.
Эпидемиологиялық жағдайдың ахуалы бақылауда, эпидемияға қарсы және профилактикалық жұмыстар жалғасуда.
Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және баламасыз әдісі – вакцинация.
ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес барлық егулер тегін, егілетін ересек адамның немесе баланың ата-анасы және/немесе заңды қамқоршысы ерікті түрде жазбаша берген келісімімен, арнайы оқып-дайындалған және рұқсаты бар медицина қызметкері адамның дені сау кезінде егеді.
Жаңа туған нәресте алғашқы екпені немесе вакцинацияны перзентханада туылған күнінен бастап алғашқы төрт күнінде алады. Абай облысы бойынша туылғандардың 95,2% вакцинацияланды. Алайда, облыста 2022 жыл бойынша ата-аналары БЦЖ егуден бас тартқан балалардың саны 76, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 9 жағдайға аз.
Туберкулезге қарсы егілген балалар вакцинация алмағандарға қарағанда 15 есе аз және айтарлықтай жеңілірек ауырады. Егу алған балаларда туберкулездің асқынған, ауыр түрлері тіркелген жоқ.
6-7 жас аралығындағы (1-сынып) Манту теріс сынамасы бар дені сау жұқтырылмаған балалар ғана қайта егуге жатады. Облыста туберкулезге қарсы қайта егумен қамту Қазақстан Республикасы және ДДҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы) ұсынған жалпы көрсеткіш деңгейінде орындалды.
Ересек адамдарда туберкулезді ерте анықтау үшін флюорография қолданылады.
Туберкулезді диагностикалаудың тағы бір әдісі – туберкулин сынамасы (Манту сынамасы), бұл сынама зиянсыз, сынама жоғары тәуекел тобындағы 1 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға жасалады.
Туберкулездің алдын алу мыналарды қамтиды:
- балалар үшін – БЦЖ вакцинасын егу, ол ең алдымен туберкулез менингитінен және аурудың кең таралған ауыр түрлерінен қорғайды;
- жыл сайынғы флюорографиялық және Манту сынамасымен уақтылы тексеру;
- жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын сақтау (қолды, жуғыш заттар мен ағынды суды пайдаланып ыдыстарды жуу, үй-ішін ылғалды жинау және желдету, қақырықты, сілекейді еденге, жерге түкірмеу, әрбір науқас адам қақырықты арнайы контейнерге мұқият жинап, аузын майлықпен жабуы керек);
- салауатты өмір салты – бұл туберкулездің алдын алу және сәтті емдеудің кепілі (дұрыс тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, жақсы демалу, темекі шегуден, ішімдіктен, есірткіден бас тарту).