
Бүгін бүкіл әлемде салдары ауқымды әлеуметтік-экономикалық маңызға ие Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні атап өтіледі.
1882 жылы 24 наурызда доктор Роберт Кох инфекциясы өлімге әкелуі мүмкін туберкулез бактериясының табылғанын жариялады.
ДДҰ-ның 2022 жылғы деректері бойынша күн сайын 28 000-ға жуық адам туберкулезбен ауырады және 4 100-ден астам адам қайтыс болады. Бірақ туберкулезге қарсы жаһандық күш-жігердің арқасында ондаған миллион адамның өмірін сақтап қалуға болады.
Біздің елімізде жүргізіліп жатқан туберкулезге қарсы іс-шаралардың арқасында соңғы жылдары туберкулезбен сырқаттанушылықтың және халықтың өлім-жітімінің өсуін төмендетуге мүмкіндік туды. Қазақстан Республикасында туберкулезбен сырқаттанушылық 2 есеге төмендеді (2013 жылы 73,5-тен 2022 жылы 35,6-ға дейін), ал туберкулезден өлім-жітім 4 еседен астам төмендеді (2013 жылы 6,2-ден 2022 жылы 1,4-ке дейін). 2023 жылдың 2 айында елімізде 1 188 адам туберкулезбен ауырды, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 6,0 құрады, сырқаттанушылықтың өсуі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,7% құрады (2022 жылғы 2 ай – 5,95).
Аурудың белгілері пайда болған кезде тұрғылықты жері немесе оқу орны бойынша медициналық ұйымға уақтылы хабарласу керек. Алдын алу және ерте диагностикалау мақсатында флюорографиялық тексеру және Манту сынамасы жүргізіледі.
Туберкулездің алдын алудың ең сенімді және тиімді әдісі – вакцинация. ҚР бекітілген Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес барлық екпелер егілетін ересек адамның, ата-ананың және/немесе заңды қамқоршының ақпараттық жазбаша келісімімен адамның дені сау күйінде тегін, ерікті түрде жүргізіледі.
Туберкулездің алдын алудың негізгі шараларына:
- жеке бас гигиенасын сақтау: қолды, ыдысты жуу, жеке ыдыстарды пайдалану, жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе шынтақпен жабу;
- салауатты өмір салты: жүйелі, белсенді дене жаттығулары және жақсы демалыс;
- тиімді тамақтану: ет, сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде пайдалану;
- жаман әдеттердің алдын алу: темекі шегу, ішімдік, нашақорлық;
- бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп, үйде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қақырықпен ластанудан қорғау;
- тіркелген емханада уақтылы Манту сынамасынан, флюорографиялық тексеруден өту және БЦЖ вакцинациясы мен ревакцинациясын алу кіреді.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз!